Telegram-да тараған видеода адамдарға көпқабатты үйлерде тұруға болмайды делінген. Мұндай баспана адамдар үшін табиғи емес орта және ДНҚ-да көптеген мутацияны тудырады. Бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Видео авторының айтуынша, 1944 жылы бес қабатты үйлерде тұру қаупін дәлелдеген ауқымды зерттеу жүргізілген. Туғаннан пәтерде тұрып келе жатқан баланың ДНҚ-да жүздеген мутация болған деп жазылған. Бұл - дәлелсіз ақпарат. 1944 жылы болып жатқан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мұндай зерттеу жүргізілгені туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Сонымен қатар, егер 1944 жылы ғалымдар көпқабатты үйлерде тұруға болмайтынын сөзсіз дәлелдейтін болса, 1950 жылдары Кеңес Одағы бойынша "Хрущев" үйлерінің ауқымды құрылысы басталмас еді. Бұл пәтерлері кішкентай төрт немесе бес қабатты үйлер, ғимараттардың сырты әрленбеген. Мұндай үйлер тез салынып, ең бастысы арзан болған. Бұл ауылдардан қалаларға жаппай қоныс аударған адамдарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Роликте қалалық көпқабатты үйлерде тек үш ұрпақ буыны ғана ауыса алады, бұл ретте үшінші ұрпақ жасанды жолмен туады деген теория айтылады. Бұл объектив шынайылыққа қайшы келеді.
Алғашқы көпқабатты үйлер "инсулалар" деп аталды және ежелгі Римде салынған. Бірінші қабаттарда дүкендер мен дәмханалар орналасқан, ал жоғарғы қабаттарда жұмысшы табының өкілдері тұрған. Кейбір дереккөздерге сүйенсек, біздің заманымыздың 315 жылы Римде 44 850 инсула болған.
Содан бері 1700 жылдан аса уақыт өтті. Ұрпақтар теориясына сәйкес, олар әр 20 жыл сайын бір-бірін алмастырады. Яғни ежелгі Римдегі инсуладан бері шамамен 85 ұрпақ ауысты.
Демек, видео авторының теориясы - өтірік.
Көпқабатты үйлерде тұру адамның ДНҚ-сын өзгертетініне дәлел жоқ. Қалалық көпқабатты үйлерде тұру арқылы адамдар көбею қабілетін жоғалтатыны шындыққа қайшы келеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!