Көпқабатты үйде өрт шықса, не істеу керек? ТЖМ кеңесі

Көпқабатты үйде өрт шықса, не істеу керек? ТЖМ кеңесі
Фото: depositphotos.com

Төтенше жағдайлар министрлігі көпқабатты үйде өрт шыққанда эвакуациялау ережелерін қатаң сақтауды ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрлік биік ғимараттардағы қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлу қажетін айтады. Тығыз қоныстану, күрделі архитектуралық шешімдер мен желдету жүйелері түтін мен улы газдардың жылдам таралуына әсер етеді. Сол себепті тұрғындар мен қызметкерлер эвакуация тәртібін алдын ала біліп, өз әрекеттерін нақты жоспарлап қойғаны жөн.

ТЖМ эвакуациялау бойынша негізгі ұсынымдары

Төтенше жағдайлар министрлігі биік ғимараттарда өрт туындаған кезде келесі ережелерді сақтауды ұсынады:

  • Дүрбелеңге салынбаңыз. Жағдайды тез бағалап, сабыр сақтаңыз. Тез, бірақ ойланып әрекет етіңіз.
  • Дереу эвакуацияныңыз. Артыңыздан есіктерді жауып шығыңыз. Тығыз жабылған есіктер от пен түтіннің таралуын баяулатады.
  • Лифтті пайдаланбаңыз. Өрт кезінде лифт электр қуатының үзілуінен тоқтап қалуы немесе түтіннің таралу арналарының біріне айналуы мүмкін.
  • Тек эвакуациялық баспалдақтарды пайдаланыңыз. Ғимараттағы жарық белгілері мен эвакуациялау схемаларының нұсқауларын орындаңыз.
  • Түтін кезінде еденге тақалып жүріңіз. Еденге жақын жерде түтін мен жану өнімдерінің концентрациясы жоғары қабаттарға қарағанда төмен болады.
  • Қауіп тым жоғары болса, бөлмеден шықпаңыз. Егер эвакуация жолында жалын немесе қою түтін болса, бөлмеде қалып, есіктерді жауып, саңылауларды дымқыл шүберекпен бітеңіз. Терезеге немесе балконға шығып, құтқарушылардың назарын аударыңыз.
  • Өзіңіздің орналасқан жеріңізді хабарлаңыз. 112 нөміріне қоңырау шалып, мекенжайды, қабатты, кіреберісті және құтқарушыларға сізді тез таба алатын кез келген ақпаратты жеткізіңіз.
  • Әлсіз азаматтарға көмектесіңіз. Балаларға, қарттарға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға мүмкіндігінше қолдау көрсетіп, алдымен оларды қауіпсіз жерге шығарыңыз.

Министрлік тұрғындарды өз үйіндегі эвакуация жоспарын алдын ала қарап шығуға, өрт сөндіру және қосалқы шығу есіктерінің қайда орналасқанын білуге, үйде, кеңседе өтетін оқу-жаттығу эвакуацияларына немқұрай қарамауға шақырады.

Құтқарушылардың айтуынша, өрттің алғашқы минуттарында дұрыс әрекет ету адамның ғана емес, бүкіл подъезд тұрғындарының өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget