- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көпжасар Нәрібаев: қайраткер,...
Көпжасар Нәрібаев: қайраткер, ғалым, ұстаз
Еліміздің жоғары мектебі мен ғылымының тарихы біртуар тұлғалардың қызметімен астасып жататыны анық. Ректорлық корпустың бет-бейнесі болған Мәлік Ғабдуллин, Серғали Толыбеков, Ебіней Бөкетов, Кенжеғали Сағадиев, Өмірбек Жолдасбеков, Мұхтар Арынов сынды және басқа да тұлғаларды асқан ықыласпен еске аламыз. Осы қатарда ерекше ойып алған орны бар – Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев. Ол кісі туралы өткен шақта жазуға тура келіп отырғаны өте өкінішті. 2023 жылы 3 маусымда 85 жасқа толар еді. Коронавирус пандемиясы елімізде мыңдаған қарапайым адамдардың да, белгілі қайраткерлердің де өмірін өзгертті.
Ұзақ жылдар бойы біз бәріміз Правда көшесі, 3-үйде тұрдық, сол жерде көз алдымызда қазақ ұлтының элитасы қалыптасты. Біздің үйді Ректорлар үйі деп те атайтын, себебі сондағы 6 адам кейінгі жылдарда еліміздегі жетекші ЖОО басқарды. Солардың бірі Көпжасар аға еді. Оны жас кезінен табиғи зиялы болмысы, жинақылығы, адамдарға қамқор көңілі мен ерекше ұйымдастырушылық қабілеттері ерекшелеп тұратын.
Талантты басшы ретінде ғана емес, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері, ірі ғалым-Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның ғылым мен техника саласындағы еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі мәрте депутаты, еліміздегі жоғары мектеп флагманы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болып та үлкен жетістіктерге жетті.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты қуғын-сүргіннен кейін Көпжасар аға министр қызметінен алынып, Қазақ КСР ғылым академиясы экономика институтының бар болғаны бөлімдерінің біріне жетекші ғылыми қызметкер болып тағайындалады. Ал Көпжасар Нәрібайұлының сол кездің өзінде Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, ғылым докторы екендігі ескерілмеді.
Өмірдің сондай күрделі кезеңдерінде де ол ғалымдар арасында зор құрметке ие болып, өз қадірін кетірмей, ғылыми және қоғамдық көзқарастарының батылдығымен ерекшелене білді. Оның нарықтық экономикаға көшуге арналған "Экономикадағы ғылыми әдістер" (оқу құралы), "Нарықтық экономиканы қалыптастыру және реттеудегі кейбір мәселелер", "Құнды қағаздар нарығын құру және реттеу", "Нарық жағдайында Қазақстанның өндірістік саясатын құру" және басқа да креативті ғылыми еңбектері менің есімде қалыпты. Ол белгілі ғалым-экономистер тобын тәрбиелей отыра, ірі ғылыми экономикалық мектеп қалыптастырды. Ал жоғары мектептің топ-менеджері, ұлағатты ұстаз ретінде мыңдаған жас мамандарға кәсіби өмірге "жолдама" берді. Нәтижесінде оның кәсіби тәжірибесі мен ғылыми көзқарастары Қаратай Тұрысұлымен бірге экономикалық реформалар жөніндегі Мемлекеттік комиссияда жұмыс істеген кезде айқын байқалды. Дәл осы комиссияның күшімен қазақстандық нарықтық экономиканы трансформациялаудың стратегиялық бағыттары қалыптасты.
Ал Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне он жылдан астам уақыт ректор болған кезде ол ЖОО-нын "ренессанспен" қамтамасыз етіп қана қоймай, жоғары оқу орындарындағы инновациялық ғылымды дамыту және академиялық еркіндік қағидаттарына сәйкес оқуды трансформациялауда өзгелерге үлгі болды.
Көпжасар Нәрібайұлының өз әріптестерін қолдай білетін ерекше қабілеті маған да септігін тигізді. Көпжасар ағаның көмегімен мен бірінші рет екеуіміз бірге кандидаттық диссертацияның ғылыми жетекшісі болдық. Ал кейін еліміздің бірінші білім және ғылым вице-министрі болғанда да үнемі ағаның қамқорлығын сезіндім және расында, сол кезде маған оның ағалық ақыл-кеңесі аса қатты қажет болғанда Көпжасар Нәрібайұлы менен көмегін аямады.
2019 жылы қыркүйекте Алматыда біртуар мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өткізілді. Соған Көпжасар Нәрібайұлы өте белсенді қатысты. Әттең, сол сәт ағамызбен соңғы кездесуім екенін кім білген?! Ол Кәкімжан ағамен бірлесе жұмыс істеген жылдарынан жылы естеліктерге толы баяндама жасады. Сол күні кеш бойы Қазыбаевтар үйіндегі дастарқанды басқарды. Біз бауырым Нұрекең екеуіміз де сол кезде қонақтардың қатарында болдық және біздің әкеміз бен әкемнің әріптесі Мұхтар Ғалиұлы Арынов туралы керемет естеліктер айтып, оларды ерекше құрметпен еске алғанын ешқашан ұмытпаймыз.
Былтыр желтоқсанда бауырым екеуіміз Көпжасар ағаның бейітінің басына арнайы барып, дұға оқыдық.
Көпжасар Нәрібайұлы өмірде әке ретінде де жолы болды. Ол өмірлік жары Валентина Павловна екеуі керемет балаларды, атап айтқанда, экономика ғылымдарының докторы, ұлы Маратты, екі қызы Эльвира мен Надежданы дүниеге әкеп өсірді. Сонымен қатар немерелеріне сүйікті ата болу бақытына да ие болды.
Менің жүрегімде ағаның жарқын бейнесі мәңгі сақталады. Жатқан жеріңіз жайлы, иманыңыз жолдас, жаныңыз жәннатта болсын, қадірменді Аға!
Ерлан Арын, экономика ғылымдарының докторы, профессор
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан