Әнші Дастан Оразбеков балалық шағында әнші боламын деп мүлде ойламағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті.
"Балалық шағымда әнші боламын деп ойламадым, алайда маған музыканы, мәнерлеп оқуды, биді, домбырада ойнауды өмірдің өзі үйретті. Өнердегі мол тәжірибемнің жинақталуын тағдырым өзі шешкендей болып көрінеді.
Менің сахнаға шығуым мектеп қабырғасындағы сайыстардан, Жаңатас қаласының концерттерінен басталды. Музыка пәнінен сабақ берген ұстазым Аманжол ағай менің әнге деген қызығушылығымды оятты. Одан кейін мен Гаухар Қаспақова, Бейбіт Сейдуалиева, Мадина Шәріпованы өнерге баулыған тәлімгер Көпжасар Арынұлының шәкірті болғым келген. Қыздарды ғана оқытатын болғандықтан, өкінішке қарай, ол мені қабылдамады.
Ал 15-ке толғанда, отбасыммен бірге Алматыға көшіп келдім, содан музыка екінші орынға түсіп қалды. Мен спортпен шұғылданып, көп уақыт достарыммен өткізе бастадым. Бір күні ағам оқитын театр колледжінде топ құру үшін әнші қажет болды. Бұл менің өмірімді түбегейлі өзгерткен қадам еді.
Сол кезде мен алғаш рет кастингке қатыстым, мені бірден қабылдады. "Керемет" театрында басталған осы мансабым бүгінге дейін жалғасын тауып жатыр. Айтпақшы, дәл осы театрда "Орда" тобы құрылды", - деп жазған әнші парақшасында.
Айта кетейік, Дастан Оразбеков - "Орда" тобының әншісі, актёр. Жеке орындаушы ретінде "Көк аспан", "Кездесу мен қоштасу" сынды белгілі әндері бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!