2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы олардың кірісін есепке алмастан енгізілген болатын. Аталған дәрежедегі жанұяларға бұған қосымша бірнеше жеңілдіктер қарастырылған. Соларға тоқталып өтейік.
• "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алуға бірінші кезектегі құқық.
• "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар да бірқатар салықтар мен мемлекеттік баждарды төлеуден босатылады:
• Көлік құралдары салығы ("Батыр ана" атағын алған немесе "Алтын алқа" немесе "Күміс алқамен" марапатталған көпбалалы аналар – салық салу объектісі болып табылатын әрқайсысы бір көлік құралы);
• тұрғын үй қоры орналасқан жер учаскелеріне, оның ішінде оған іргелес ғимараттар мен құрылыстарға салынатын салық ("Батыр ана" атағын алған, "Алтын алқамен" марапатталған көпбалалы аналар);
• жеке мүлік салығы (АЕК 1000 еселенген шегінде "Алтын алқамен" марапатталған көпбалалы аналар);
• зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның заңдық маңызы бар іс-әрекеттері үшін мемлекеттік баж салығы ("Батыр ана" атағын алған, "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған көпбалалы аналар).
• 5 және одан да көп бала туған, сондай-ақ 5 және одан да көп бала асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толған кезде зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының 2020 жылғы мәліметі бойынша елімізде 426,8 мың бала дүниеге келген. Ал 2021 жылы жаңа туған нәрестелер саны рекордты жаңартып, бірден 446,5 мың балаға жетті.