- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көпбалалы аналар әлеуметтік...
Көпбалалы аналар әлеуметтік көмекті алу үшін қорлық көруге мәжбүр – "Қазақстан аналары бірлестігі"
Қазақстанда көпбалалы аналар атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алу үшін қорлық көруге мәжбүр. Бұл туралы Мәжілістегі жиналысқа онлайн қатысқан "Қазақстан аналары бірлестігі" қоры директорының орынбасары Айнаш Нұрымова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде АӘК-ті отбасында еңбекке қабілетті адамы жоқ, қарт адамға күтім жасайтын, аз қамтылған, 3 жасқа дейінгі баласы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар, 1,2 топтағы мүгедектер, бөгде адамның көмегіне мұқтаж адамдар алып отыр. Алайда бұл әлеуметтік көмекті алу оңай емес.
"Қазір атаулы әлеуметтік көмекті алу өте қиын. Ол халықтың әлеуметтік осал топтары арасында әлеуметтік шиеліністі тудырады. Өйткені, АӘК-ті алу процесі күрделі және ол адамды қорлайтын түрде өтеді. Адам оны алу үшін күнкөріс деңгейінің өте төмен екенін, кедей екенін дәлелдеуі керек", - деді Айнаш Нұрымова.
Бірлестік өкілі көпбалалы аналар атаулы әлеуметтік көмекті алу тәртібін жеңілдетуді сұрайтынын жеткізді. Олардың өз ұсыныстары бар:
- Баланың 3 жасқа толуына байланысты ананың міндетті түрде жұмысқа тұруы керек деген норма кодекстен алынып тасталса;
- Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде табыстың келесі түрлері алынып тасталсын:
- Әлеуметтік төлем түріндегі кірістер. Бұл – көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақылар;
- Алимент түріндегі кірістер;
- 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында алынған гранттар.
Олар алынған сәттен бастап, алғашқы 6 айлық курстан өткенде жаңа бизнес идеясын іске асыру үшін берілген кредитті, микрокредитті және өтеусіз грантты пайдалануға түсетін кіріс есептелмеуі керек.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде тұрмысы төмен 66,5 мың отбасы АӘК алып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен