Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметов жерлестерімен қоштасып, оларға алғыс айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Даниал Ахметовтің Instagram-дағы парақшасында оның облыстық мәслихат депутаттарының алдында сөз сөйлеп, жерлестерімен қоштасып тұрған сәтінің видеосы пайда болды. Жиынға облыстың жаңа әкімі Ермек Көшербаев пен Премьер-министр Әлихан Смайылов та қатысты.
Даниал Ахметов бұл видеоға жерлестеріне және бұрынғы әріптестеріне арнап жазған үндеуін де қосқан.
"Құрметті жерлестер! Бірнеше жыл бойы біз Шығыс Қазақстан облысының жоспарлы және серпінді әлеуметтік–экономикалық дамуы, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру сияқты ортақ мақсат-мүддені көздеп, бірге етене жұмыс істедік. Сіздермен жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Және жұмысында басты қағидаттарды ұстанған, яғни адамдарды есту, негізгі бағыттарын Президентіміз - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған мемлекеттік саясатты тиімді іске асырудағы командамның бір бөлігі болғандарыңызға қуаныштымын. Біз бірге көп нәрсеге қол жеткіздік. Сіздермен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғанымды мақтан тұтамын, үнемі көрсеткен баға жетпес еңбектеріңіз бен күш-жігерлеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздер Шығыс Қазақстан облысы мен жалпы республиканың өркендеуі үшін табысты жұмысты жалғастыруға ықпал ететіндеріңізге сенімдімін. Алдағы уақытта да Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарының игілігі үшін тың жобалар мен идеяларды батыл іске асыруларыңызға шын жүректен тілектеспін!", - деп жазды экс-әкім.
Еске салайық, бүгін, 16 маусымда Президент жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қызметінен кетті. Оның орнына Ермек Көшербаев тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!