- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Көп бөлігі тамаққа...
“Көп бөлігі тамаққа кетеді“. Зейнеткерлерге зейнетақысы жете ме?
Қазақстанда зейнеткерлерге зейнетақысы жетіп жүр ме? Massaget.kz тілшісі зейнеткерлердің өзінен сұрады.
"Көп бөлігі тамаққа кетеді"
Алматы тұрғыны Айқыз Төлебаева - 30 жыл мектепте ұстаздық еткен мұғалім, ал зейнетке шыққанына 10 жылдай уақыт болған. Бүгінде оның зейнетақысы - 195 мың теңге.
"Бұл бір айға жетпейді. Күнделікті тамағың, жүріп-тұрысың бар, кейде қызымнан аламын. Сол қызымның арқасында шипажайларға да барамын. Шипажайлардың ақысын 100 пайыз төлейміз, ешқандай жеңілдік жоқ. Осы жайтты анықтағанымда, "зейнетақыңыз 160 мың теңгеден асып тұр, ешқандай жеңілдік берілмейді" деді", - дейді зейнеткер.
Айқыз Төлебаева Абай облысында дүниеге келген, Семей полигонынан зардап шеккендер қатарында. Десе де, бұл үшін де ешқандай жеңілдік жоқ екен.
"40 жыл мектепте мұғалім болып жұмыс істегенім де бар, зейнетке шыққанда демалғың, киноға, театрға барғың келеді. Бірақ осының бәрін есептесем, жетпейді", - дейді ол.
Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Зейнеткер денсаулығын сақтау үшін белсенді өмір салтын ұстанатын зейнеткерлерге арналған орталыққа баратынын, сондықтан тек кейбір сәтте дәріханаға ақша жұмсайтынын айтады.
"Мендегі диагноз - артроз. Соған байланысты әртүрлі жақпамайлар алып отырамын. Ай сайын 4000-5000 теңге тұратын дәрумендер де аламын", - деді ол.
Айқыз Төлебаеваның зейнетақысының көп бөлігі тамаққа жұмсалады.
"195 мыңның көбі тамаққа кетеді десем де болады: ет аламыз, сүт аламыз, көкөніс аламыз. Қалада тамақ өте қымбат. Күнделікті тамақтың бағасы да өсіп жатыр. Жаңа жылдан кейін зейнетақы өседі деді, соған сай тамақ та, коммуналдық төлем де қымбаттап жатыр. 195 мың теңгеге бір ай күн көру мүмкін емес деп ойлаймын. Ең кемі 250 мың теңгедей болса, жетер еді", - дейді ол.
"Көп сияқты көрінеді, бірақ..."
Алматы тұрғыны Бағилан Ұрынбаеваның зейнетақысы 180 мың теңге. Ол - Тараздың кәсіпорнында 30 жылдай жұмыс істеген инженер-экономист.
"Бұл бір жағынан көп сияқты көрінеді, бірақ еркін өмір сүруге аз ақша. Өзім Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында жұмыс істеймін, балаларым көмектесіп тұрады. Солардың арқасында өмір сүріп жатырмын", - дейді ол.
Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында Бағилан апай елу жылдай үздіксіз еңбек еткенін, енді сол бейнетінің зейнетін көргісі келетінін жеткізді.
"Зейнетақының ең азы, менің есебім бойынша, 200 мың теңге болуы керек. Өйткені егде жаста бізге дәрі-дәрмек керек. Тегін дәрілердің ішінде бары - арзан дәрілер ғана, олар зейнеткерлерге көмектеспейді, сондықтан да қымбаттауын сатып алуымыз керек. Қыста тайып жығылмау үшін табаны жақсы аяқкиім алуымызға тура келеді. Түптеп келгенде, елу жылдай жұмыс істеп, жақсы демалғымыз келеді", - деді ол.
Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы орташа зейнетақы қанша екені белгілі болды.
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері - 131 810 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері - 89 211 теңге, базалық зейнетақы - 42 599 теңге.
Анықтама: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда зейнетақы алатын 2 миллион 415 мың адам бар.
Қазақстанда зейнетақы есептеуде табыс мөлшері мен еңбек өтілі негізгі көрсеткіштер саналады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақының ең төмен мөлшерi - 57 853 теңге.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова