Әнші, ақын Ұланғасыр Қамиев жастайынан әкесіз өскенін жеткізді. Өнер иесі әкесі туралы естелікті El kz ақпараттық порталының ютубтегі "Базарlike" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншінің сөзінше, осылай ел алдына шығып жүргенін әкесі көре алмай кеткен. Төрт ағайынды өнерпаз да отбасы өнерден алшақ емес екен.
"Біз негізі төрт ағайындымыз. Үлкен ағам өнерге қатысы жоқ. Теміржолда істейді. Айдар деген ағам негізі мамандығы актер бірақ ауылға кеткен. Қазір қара шаңырақта отыр. Төртеумізде негізі өнерден құр алақан емеспіз. Әкемнің де өнерден алыстығы жоқ. Гитарада, домбырада ойнайтын. Анам ән айтатын, атам өлең шығаратын. Өнерлі отбасымыз", - дейді әнші.
© instagram.com/ulangasyrqamiev
Ұланғасыр Қамиев қазірде әкесінің берер бір ақылы, қолдауы жетпейтінін жеткізді.
"Әкем 2007 жылы өмірден өткенде мен 7 жаста болдым. Өмір болған соң қиналатын сәттер болады ғой енді. Ойланамын кейде тұңғиық ойға кетесің. Мүмкін әкем болғанда бәрі басқаша болар ма еді. Әкем болғанда басқаша бір ақылын айтып отыр ма еді. Ол кісі дүниеден өткенде мен кішкентай едім. Айтқан бір ақылдарын тыңдап үлгермедім. Бәрібір жетіспей тұрады. Бірақ анам әкенің орнына әке болып бізді бақты. Әкеміздің жоқтығын көрсетпеді. Маған да әкенің ақылы, әкенің қолдауы жетіспей тұрады. Әрине, өкінішті. Жеке ән кешімді берген кезде, әкемнің алдыңғы қатарда отырмауы өкінішті. Әкемнің көп арманы орындалмай кетті. Сол кісіге астына көлік мінгізіп, елді-жерді көрсетіп тірі болса осы армандарын орындар едім", - дейді Ұланғасыр Қамиев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!