- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Көп ақша құртуға...
“Көп ақша құртуға дайын болдым“. Биыл баланы мектепке дайындауға қанша қаражат керек?
Жаңа оқу жылының басталуына 1 аптадай уақыт қалды. Әдетте бұл кез ата-аналар үшін де, балалар үшін де қиын. Демалысқа үйреніп қалған бала мектептегі күн тәртібіне даярлануы керек болса, ата-аналар бұл уақытта шығынға батады. Massaget.kz тілшісі биыл балаларын мектепке даярлаған ата-аналармен сұхбаттасты.
Алматылық тұрғын Ақтотының баласы биыл 2-сыныптың табалдырығын аттамақ.
"Костюм-шалбарды отандық Glassman дүкенінен алдық, ол 28 мың теңгеге шықты, көйлек (жейде - еск.) 7 мың теңге, ал туфли 22 мың теңге болды. Дене шынықтыруға шалбар 6 мың теңге, футболка 5 мың теңгеге, ал кроссовка 16 мың теңгеге шықты", - дейді ол.
Сөмкесінің құны - 18 мың теңге. Әйелдің айтуынша, ұлы биылғы оқу жылында былтыр алған жилет пен галстугын киеді.
"Әдетте ұлдарға бірден 2 жейде алынады ғой, біз биыл біреуін ғана алдық, былтыр алған жейдесі бар. Қазір баға қымбаттап кетті. Негізі жаз басталғанда киім алып бастасаң, жеңілдікпен алуға мүмкіндік бар, бірақ жұмыс істейтін ата-ананың қолы тие бермейді. Сондықтан көбіне тамызда аламыз. Ал ол кезде баға шарықтап тұрады. Қазір бір жақсысы, бөліп төлеуге алуға болады", - дейді ана.
Алматылық тұрғын ұлын мектепке дайындау үшін 102 мың теңге жұмсаған, бұл - оқу-құралдарын санамағанда жаратылған қаражат.
Ал Ақтөбе тұрғыны бірі 2 баласына 4 сөмке алғанын, оған 32 мың теңге кеткенін айтты. Әйелдің айтуынша, 2 сөмкені сайттардан алдын ала тапсырыс беріп алған. Сондай-ақ, 2 футболка, 2 көйлек, 2 жилет пен спорт киімі, шалбарлар мен күзгі күрте, аяқкиімдерге 120 мың теңге жұмсалған.
Ал қазақстандық әйел Әсемгүлдің қызы 6-сыныпқа барады. Ол былтыр қызына қатты шығындалғанын, ал биыл тозған заттарды ғана ауыстырғанын айтты.
"Биыл қатты шығындалған жоқпыз. Форма, сөмке, аяқкиім мен бантик қана алдық. Оған 35мың теңге кетті. Форманы базардан емес, дүкеннен алдым. Бір қызығы, базарда форма 2 есе қымбат. 13 мың теңгеге шықты. Түрік формаларының сапасы жақсы, ал басқа елдің киімдерінің сапасы мүлде ұнаған жоқ. Әлі жейде мен футболка алуым керек. Оқу-құралдарын да алмадық. Оған 10-20 мың теңге жоспарлап отырмын", - дейді ол.
Биыл Ботагөз тұңғышын 11-сыныпқа, ал кенжесін 7-сыныпқа дайындап жатыр. Ол тұңғышына қыруар қаражат қажет боларын біліп, алдын ала ақша жинай бастаған.
"Биыл ұлым мектеп бітіреді. Сондықтан көп ақша құртуға о бастан өзімді дайындадым. Бірақ костюм-шалбарды бітіру кешіне қарай аламыз деп шештік. Оның құны 55 мыңнан басталады. Бәрін тақалғанда алатын қазақпыз ғой. Қалған заттарға бір балаға шамамен 200 мың теңге дайындап отырмын", - дейді ол.
Мектеп оқушыларына шашын бояуға бола ма? Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл сұраққа жауап берді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда барлық мектеп оқулығы цифрлық форматқа көшірілетіні айтылған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек