Қазақстанның халық ақыны, белгілі айтыскер, сатирик, композитор, журналист Қонысбай Әбіл қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ақын, журналист Ұлықбек Есдәулет Facebook-парақшасында бөлісті.
"Бұл дүние не болып кетті?! Астанадан таң бозымен тағы бір ауыр хабар жетті - арқалы ақын Қонысбай Әбіл дүниеден өтіпті! Жалған-ай!.. Қазақстанның Халық ақыны, алты Алаштың ардақтысы, сөз сүлейі, сайыпқыран сатирик, қарымды қаламгер, асыл азамат бұл пәниден бақиға көшіпті! Көкірегім қарс айырыла отырып, марқұмның отбасына, аяулы ақынын қадірлейтін халқымызға көңіл айтамын. Бақұл бол, досым! Жаның жаннатта болсын!" - деп жазған ол парақшасында.
Қонысбай Әбіл - Қазақстанның халық ақыны, белгілі айтыскер, сатирик, композитор, журналист. Ол 1954 жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданының Көкалат ауылында өмірге келді. 1977 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді. Көп жыл бойы Торғай облысында облыстық "Торғай таңы" газеті редакторының орынбасары, қалалық "Арқалық таңы" газетінің редакторы, Торғай облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы қызметтерін атқарды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!