Қазақтың бұлбұлы, күміс көмейі, халық әртісі Роза Бағланованың дүниеге келгеніне биыл 100 жыл толды. Massaget.kz тілшісі аты аңызға айналған өнер иесі туралы сіз білмеген қызық деректер жинады.
Роза Тәжібайқызының дүниеге келгенде азан шақырып қойған есімі - Үрбибі. Бірақ үйінде неміс күтушісі оны Роуз деген соң, жұрт та оны Роза деп атап кеткен. Қазақтың күміс көмейін әнге баулыған - туған әжесі Күндей. Әнші мектепті бітірген соң, Қызылордадағы педагогикалық институтқа түседі. Бірақ әкесі дүниеден ерте кетіп, отбасымен Өзбекстанға, Ташкентке көшіп кетеді. Әнші оның бағын ашқан - Өзбекстан екенін айтқан.
"Бірде далада айқайлап ән айтып тұрғанымда, бойы ұзын, үстіне костюм киген ер адам өлең айтқан кім деп сұрап, үйдің есігін қақты. Ертең филармонияға келіңіз, мен филармонияның директорымын деді. Кейін оның Кари Якупов әка екенін білдім", - деген екен әнші бір сұхбатында.
Роза Тәжібайқызы Ташкент опера театрына барып, алғашқы күні-ақ солист болған.
"Соғыста көзім қарауытып, ештеңе көрмей қалдым"
Соғыста ән шырқап, әскерлердің көңілін көтеру шын мәнінде, әншіге сондай қиын болған. Ол естеліктерінде әр әнін көзіне жас алып шырқағанын айтқан.
"Темная ночь" әнін бастағаным сол еді, фашистердің бірнеше ұшағы бомба тастағанда, сол біз орналасқан ескі үй солқ етті де, төбесі ортасына түсті. Жарылыс тоқтағанда көзімді ашсам, әлі де сол әнді бар даусыммен шыңғырып айтып тұр екенмін", - деді әнші бір сұхбатында.
1943 жылы майдандағы кезекті концертінде ән салып тұрған жерге кенеттен бомба түскен. Сол кезде әншінің көзіне әйнек сынығы тиіп, ештеңе көрмей қалған. Кейін көзіне ота жасап, жанарын қалыпқа келтірген.
Оны Сталин сүйіп тыңдайтын
"Сталиннің туған күні еді. Барлық әртіс бір-бірден ән айтып шықты. Бәріне шапалақтап жатқанда қатты уайымдадым. Сахнаға шығып әнімді айттым. Молотов (Кеңес Одағының саяси қайраткері- еск.): Розочка Бағланова, Сталинге барыңыз, қолын алыңыз деді. Сөйтіп, Сталиннің де, қасында тұрған Мао Цзэ Дунның да қолын алдым", - деді Тәжібайқызы сұхбатында.
Роза Бағланова Сталин, Ким Ир Сен, Мао Цзе Дун, Чайболсон, Неру, Индира Ганди, Хрущев, Брежнев сынды мемлекет басшылары мен жоғары лауазымды адамдардың алдында өнер көрсетті. Тіпті Корея Халық республикасында болғанда Роза Бағлановаға Ким Ир Сен өзінің ұшағын берген. Ал Елизавета патшайым гастрольдеп барған орыс қыздарын көзге ілмей, бірден қазақи нақышта киінген сұлу Бағлановаға қарай барған.
"Оған тең келер ешкім жоқ еді. Оны Сталин сүйіп тыңдайтын. 1963 жылы Қазақстан КОКП-ның бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев Бағланованы шақырып: "Сен - қазақтың бұлбұлысың. Сені Мәскеу патшасы (Никита Хрущев - еск.) Үндістанға спектакль қоюға шақырды. Кейін Бағланованы көрген Хрущев орнынан тұрып, оның қолын сүйді", - деп еске алады Алтынбек Қоразбаев.
"Көзі көрмей қалғанын естідім"
Қазақтың бұлбұлы әр концертіне ерекше дайындықпен қарайтын. 1980 жылы Оқушылар сарайында қорытынды концертіне екі күн қалғанда көзі мүлде көрмей қалған.
"Концертке екі күн қалғанда көзі дұрыс көрмей қалғанын естідік. Концерт мүлде болмайды деп ойладым. Ол кісі халық келеді, халық күтіп отыр деді. Роза Бағланова концерт басталмас бұрын қанша қадам жүре алатынын санап алды. Кейін сахнаға қарсы жарық қойдық, сол жарықты ғана көрді", - деп еске алды Кеңес Дүйсекеев.
"Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек?"
Роза Бағланова қазақты бүкіл әлемге танытты. Ол гастроль сапарында концертін қазақ әнімен бастап, сол елдің тіліндегі әнмен аяқтаған. Ол 25 тілде ән сала білген.
Роза Тәжібайқызы - тек өнер иесі емес, халқының, елінің жанашыры. Ол 1988 Арал реквиемі кезінде мінберге шығып, қазақ халқының жағдайын айтқан.
"Мен соғысты да көрдім, бірақ Аралдағы жағдай одан да ауыр, оны бірауыз сөзбен айту мүмкін емес. Соғысты да, атом бомбасын да тоқтатуға болады, бірақ Аралдағы жағдай - сұмдық. Тырнақшадағы ғалымдарымыз бүкіл халықты қырып жатыр. Семейде - полигон, Байқоңырда - ғарыш айлағы, Аралда - у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек? Мен сол өңірде болдым, жаным ашыды", - деді мінберде тұрған Роза Тәжібайқызы.
Бір қызығы, Роза Бағланова ат қоюға шебер болған. Келіні Маралды "Бозторғайым" десе, немересі Тәжібайды "Алтын сақа" деп атаған. Ал 1996 жылы жетім балалар мен мүгедектерге қайырымдылық көмек көрсететін "Алтын сақа" қайырымдылық қоры ашылды.
Күміс көмей әншінің келіні Маралдың айтуынша, ол өзіне күтім жасауды ұнатқан. Оның сүйікті иіс суы - Palomo Picasso.
Іңкәрім-ай
Бірде Роза Бағланова ақын Бәкір Тәжібаев пен композитор Төлеген Мұхамеджановты шақырып, маған "Іңкәрім" деген сөз ұнайды, соған бір ән жазып берсеңдер деп өтінген.
"Екеуің көре беріңдер мен сендерге керемет палау басып беремін" деп апамыз ас бөлмеге кіріп кетті. Бас-аяғы бір сағатқа жетер-жетпесте ән дайын болып, апамызды шақырдық. Ол кісі алғашқы аккордты бергеннен-ақ ықыластана кетті. Ал біз әнді орындай бастадық", - дейді Төлеген Мұхамеджанов бір сұхбатында.
Роза Бағланованың "Ах, Самара-городок", "Әдемі-ау", "Ақмаңдайлым", "Бәрінен де сен сұлу", "Іңкәрім-ай", "Сәулем-ау", "Ақкөгершін", "Менің Қазақстаным", "Бейбітшілік туы берік қолда", "Жасасын совет халқы", "Жан құштарым", "Туған айдай", "Қайықта", "Маржан қыз", "Жайлау әні", "Махаббат вальсі" әндері бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!