Түрлі жағдайларға байланысты арнайы концертке алынған билетті кері тапсыруға тура келеді. Қайтару кезінде билет құнынан пайыздың алынуы заңды ма? Бұл жайлы Tengri Life-қа заңгер және "Право знать" телеграм-каналының авторы Надежда Гельдт түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәселен, сіз концертке билет алдыңыз. Белгілі бір себептермен бара алмайтыныңыз үшін оны қайтаруыңыз керек. Бірақ сайт сізге қайтару құнынан белгілі бір сома ұстап қалды.
Надежда Гельдттің айтуынша, тұтынушы билет сатып аларда келісімшарттың арнайы ережелерімен танысқаны дұрыс.
"Мысалы, келісімшарттың 6.2-тармағында билеттерді сатып алу жөніндегі сервистер шартында ақшаны қайтару номиналды құнының 10%-ын шегере отырып жүзеге асырылатыны анықталды. Бұл - билеттің номиналды құнының 30%-нан аспайды. Яғни, тұтынушының құқығын бұзатын шарт емес. Билетті сатып алғанда, сіз осы шарттың талаптарымен, атап айтқанда билетті қайтару кезінде алынатын пайызбен келісесіз", - деді заңгер.
Сарапшының айтуынша, егер мұндай ереже келісімшартта болмаса, бірақ билет құнынан пайыз ұстап қалса, онда сіз өз құқығыңызды қорғай аласыз.
"Тұтынушы осы ретте Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі органға, сондай-ақ оның жергілікті филиалдарына жүгінуге құқылы. Мысалы, Алматы қаласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағым жаза аласыз", - деді ол.
Сондай-ақ, келісімшартта билет құнын қайтару кезінде пайыз ұсталатыны туралы пункт болмаса, онда сіз билеттің толық құнын талап етуге құқығыңыз бар.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық заңгер тойда қонақтарды видеоға түсіріп, тарату қаншалықты заңды екенін айтқан болатын.