Конституциялық реформа: жұмыс тобы не ұсынды?

Конституциялық реформа: жұмыс тобы не ұсынды?
Фото: Конституциялық сот

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы жалғасып жатыр. Іс-шара барысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жұмыс тобы ұсынған жаңашылдықтар туралы толығырақ баяндады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттар саны

Атап айтқанда, ол жаңа Парламент депутаттарының санына қатысты топ мүшелері арасында қызу пікірталас болғанын айтты.

"Біздің түпкі мақсатымыз – кәсіби әрі тиімді Парламент құру. Осыны ескере келе, Жұмыс тобы Құрылтайда 145 депутат болуы керек деген тоқтамға келді", - деді ол.

Қарин болашақ Құрылтай депутаттарына қойылатын талаптар мәселесінде де түрлі көзқарастар болғанын атап өтті. Бірі қолданыстағы талаптарды сақтап, ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ десе, енді бірі оларды едәуір қатаңдатуды ұсынған.

"Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан азаматтарымыз Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт.
Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Жұмыс тобы қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптар Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді", - деді ол.

Қариннің айтуынша, жұмыс тобы Құрылтай депутаттарын сайлауды толықтай пропорционалды жүйеге көшіру бастамасын қолдаған.

"Бұл – Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі Жолдауында көтерген бастама. Сол кезде Президент: "Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен таралған парламенттік рәсім" деген болатын", - деді Қарин.

Депутаттарды сайлау мерзімі

Сонымен қатар, Қарин Қызылордадағы Ұлттық құрылтай отырысында Президент Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі жөніндегі ұстанымын да білдіргенін еске салды.

"Ол "Жаңа Парламентте депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр" деп нақты атап өтті. Жұмыс тобы да осы пайымға тоқтады. Бұл мерзім болашақ Құрылтай құрамын жаңартып отыру тұрғысынан тиімді, яғни сайлау науқандарының жиілігі жағынан алғанда қолайлы болмақ", - деді ол.

Сондай-ақ, топ отырыстарында бір палаталы Құрылтайдың заң жобаларын қарау рәсімдері талқыланғаны айтылды. Нәтижесінде заң жобаларын үш оқылымнан тұратын форматта қарау ұсынылған.

"Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, заң шығару үдерісінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Парламентте екінші палатаның болмауы бұған кедергі келтірмеуге тиіс. Сондықтан, Парламент болмаған кезде заң шығару функциясы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы – Президентке жүктеледі", - деді Қарин.

Квоталар

Қариннің айтуынша, бұл мәселе бойынша да Президент Ұлттық құрылтайда жан-жақты тоқталған.

"Мемлекет басшысы айтқандай, "президенттік квота" деген болмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың отырысында "Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған "таңдаулы тұлғалар" болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс" деді. Мұндай қадам болашақ Құрылтайдың құрамын жасақтағанда бәріне бірдей мүмкіндік берілуін қамтамасыз етеді", - деді Қарин.

Кеңесшінің сөзінше, әйелдерге, жастарға, мүгедектігі бар адамдарға арналған партиялық квоталар сақталады.

"Себебі бұл – Парламенттік емес, партиялық тізімдегі квота", - деп қосты ол.

Қарин жұмыс тобы Конституцияда Президент институтының жұмыс істеуіне қатысты тетіктер бойынша Құрылтайдағы қажетті дауыс кворумдарын талқылап, айқындағанын айтты.

"Жұмыс тобы қазіргі Конституцияның 47-бабында қамтылған барлық рәсімдерді болашақ Құрылтай моделінде қалдыруға болады деген байламға келді. Бұл – тепе-теңдік тежемелік механизмдерін сақтауға мүмкіндік беретін қадам. Сондықтан, қазіргі конституциялық рәсімдер мен дауыс берудің ара қатынасын Құрылтай моделіне бейімдей отырып сақтап қалу ұсынылды.", - деді ол.

"Құрылтай ықпалды институтқа айналады"

Қарин Құрылтайдың негізгі мемлекеттік органдардың құрамын қалыптастырудағы өкілеттіктеріне де назар аударды.

"Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзінде жұмыс тобының осы мәселеге қатысты ұстанымдарын таныстырды. Бір палаталы Парламент моделіне көшу кезінде, Парламенттің рөлін күшейте отырып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің балансын қамтамасыз ету маңызды. Қолданыстағы Конституцияға сәйкес Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын қалыптастыру өкілеттіктері қазір Мәжіліс, Сенат және Президент арасында тең бөлінген. Барлық осы маңызды мемлекеттік органдардың мүшелері тек Құрылтайдың келісімімен тағайындалуы тиіс деген ұсыныс айтылды", - деді кеңесші.

Сондай-ақ Қариннің еске салуынша, Президент жоғары өкілді орган депутаттарына Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау өкілеттігін беруді ұсынған.

"Осылайша, Жұмыс тобы Сенаттың ерекше қарауына кіретін өкілеттіктерді қайта қарады. Ал, Мәжілістің өкілеттіктерін Құрылтайға беру ұсынылды. Мұндай тәсіл "Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасымен толық үндеседі", - деп түйіндеді Қарин.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget