Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің сөзінше, Волонтерлер форумы елдің тағдыры, ұлттың болашағы айқындалатын шешуші сәтте өтіп жатыр.
"Мен былтырғы жолдауымда алдағы саяси жаңғырудың негізгі бағыттары туралы ұсыныстарымды айттым. Бұл бастамалар қоғамның кең қолдауына ие болды, оны бүкіл ел болып талқыладық. Жарты жылдан бері конституциялық реформаға қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Партиялардан, депутаттар мен сарапшылардан, заңгерлер мен қоғам белсенділерінен мыңдаған ұсыныс түсті. Онда мемлекеттің институционалдық негіздерін өзгертуден бастап, Ата Заңның мәтінін редакциялауға дейін өте көп мәселе қамтылды. Азаматтардың белсенділігін ескере отырып, мен Ұлттық құрылтайдың Қызылордадағы отырысында бірқатар бастаманы жұртшылықтың назарына ұсындым. Оның бәрі бүкіл мемлекетті басқару жүйесін тиімді, орнықты әрі теңгерімді етуді көздейді. Барша әлем өзгеріп, заман бұлыңғыр болып тұрған қазіргі алмағайып кезеңде бұл – өте маңызды мәселе", - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Конституция – кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы.
"Конституцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет. Сондықтан болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін. Тағы бір айта кететін маңызды жайт: Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтиды", - деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін түзетулер Конституция мәтінінің 84 пайызына әсер ететіні хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!