Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы "Атамекен" этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түскен.
"Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты терең талдауды және болашаққа стратегиялық жоспар құруды мұқият ойластыру тұрғысынан үлкен мәнге ие. Бұл мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алуымыз керек. Биыл тұтас еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы жыл болып отыр. Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті", - деді Президент.

Президенттің пікірінше, дәл осы Ата заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды.
"Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция – Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған басты заңы. Дәл осы Ата заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды. Технологиялық жетістіктер, саяси дүрбелеңдер, әскери қақтығыстар белең алып жатқан қазіргі дәуірде негізгі заңымыздың жол нұсқаушы темірқазық ретіндегі маңызы еселене түседі. Еліміздің бас құжаты – Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамызда бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Осылайша, біз ауқымды өзгерістер кезеңіне аяқ басамыз. Қазірдің өзінде халқымыздың болмысы, құндылықтары, сана-сезімі, тіпті дүниетанымы өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың басым көпшілігі заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті нығайту стратегиясын қолдайды, сондай-ақ, "Таза Қазақстан" акциясына белсене қатысады", - деді Мемлекет басшысы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова