Қазақстан Конституциясының жаңа редакциясы некедегі теңқұқықтылықты нақты бекітіп, әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтеді. Бұл туралы Конституциялық комиссияның тоғызыншы отырысында премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Балаева өзгерістер тек отбасы институтына қатысты емес, сондай-ақ, білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипатын да айқындайтынын атап өтті.
"Екіншіден, Конституцияның жаңа жобасында дін мен мемлекет ара-жігі анық ажыратылған, сондай-ақ білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты белгіленген. Білімнің зайырлылығы көпконфессиялы қоғамда жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді", – деді Балаева.
Министрдің айтуынша, Конституция жобасы азаматтардың жеке өміріне қатысты құқықтарын да бекітеді.
"Конституцияда некенің ер мен әйелдің өз еркімен таңдауы негізінде құрылған теңқұқылы одақ екені анық жазылған", – деп нақтылады ол.
Балаева бұл норма отбасы институтының маңызын күшейтіп, дәстүрлі құндылықтарды қорғауға бағытталғанын айтты.
"Бұл жоба қоғамдағы отбасы институтының маңызын айқын көрсетеді. Сондықтан мұндай норманы орынды деп санаймын. Бұл норма отбасы институтының тұрақтылығын нығайтуға, дәстүрлі құндылықтарды құқықтық деңгейде қорғауға, сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін күшейтуге сеп болады", – деп түйіндеді министр.
Бұған дейін комиссияның жетінші отырысында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жаңа Конституция жобасында "мәңгілік билікке" жол берілмейтінін мәлімдеген. Оның сөзінше, жоба елдегі жоғары лауазымдарға қатысты негізгі шектеулерді бекітіп, биліктің бір қолға шоғырлануына тосқауыл қояды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz