- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көңнен жасалған көмір....
Көңнен жасалған көмір. Ауыл тұрғыны отынның жаңа түрін ойлап тапты
Абай облысының Ақсуат ауданы Екпін ауылының тұрғыны Мақсат Күшебаев отынның жаңа түрін ойлап тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Иә, расында таңғаларлық. Таңғаларлығы сол, өнертапқыш азамат шөптің сағдары мен малдың астынан шығатын көңнен көмір дайындаған. Ол үшін өз қолымен станок құрастырыпты.
"Малдың астынан шыққан көң мен шөптің сағдарларын жұрт өртеп жатыр. Босқа өртегенше неге отын ретінде пайдаланбасқа" деген ой келді. Сөйтіп, арнайы станоктың көмегімен көң мен шөп қалдықтарын сығып, бірнеше бөлікке бөліп, көмір жасап жатырмын. Жылуы да, қызуы да күшті. Мұндай құрылғы әр ауылда болса деп ойлаймын. Бір жағынан, тұрғындарға жұмыс, екінші жағынан, көп-көрім көмек болар еді" дейді өнертапқыш.
Мақсат Күшебаев бұрын МТМ-да (машина-трактор стансасы) ұста болып жұмыс істеген екен. Қазір жеке кәсіпкер. Еліміз тәуелсіздігін алған елең-алаң шақта ауылда техника қалмағанда өз қолымен шөп таситын көлік пен темір тор тоқитын станок жасапты. Ал жақында әзірлеген көң мен сағдардан көмір шығаратын құрылғы мен отынның жасалу технологиясы туралы толық ашып айтпады.
"Мақтанып айтуға әлі ерте. Қазір бұл құрылғы жартылай жұмыс істеп тұр. Әкімшілік қолдау білдіреміз деп отыр. Сол кезде құрал-саймандарды алып, станокті толық іске қосамын" дейді Мақсат Күшебаев.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы