"Көңілдесін тойға ертіп апарады", "мәһрге айфон алып бермеген" - судья

Қызылорда облысында ажырасу дерегі көбейген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыстық соттың баспасөз қызметі мәліметінше, биыл алты айда 727 ерлі-зайыпты ресми түрде некесін бұзған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың жартысында 655 болды.

Жұбайлардың екі жаққа кетуіне көбіне әлеуметтік жағдай мен тұрмыстық жанжал себеп болады екен.

"Жолдасым жұмыс істемейді, арақ ішеді, сосын қол жұмсайды" деп бізге әйелдер жүгінеді. Әуелгіде полицияға ұстатқанмен, 15 тәулікке қамалып, үйіне барғасын қайтадан ұрып-соғады. Күйеуінің тоқпағына бір көнеді, екі көнеді, ақыр соңында ажырасуға бел буады", - дейді Қызылорда қалалық сотының судьясы Маржан Ақынбек.

Судья өз тәжірибесінде кездескен ерекше жағдайлар туралы айтты.

"Отасқанына 30 жыл болған аға-апа келді. Балалары кәмелет жасына толған. Әйел күйеуі талай жылдан бері көзіне шөп салып келе жатқанына қапалы. Ер адам көңілдесін тіпті тойға ертіп апаратын көрінеді. "Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Ең болмаса, ендігі жерде өзім үшін емін-еркін өмір сүргім келеді" деді апа. Тағы бірде 19 бен 21 жастағы жұп ажырасты. Сондағы себеп - жігіт қызға мәһр ретінде сұраған айфонын сатып алып бермеуі. Өкініштісі, арада бір бала бар", - деді судья.

Әйтсе де мәселесі медиация тәртібімен сотқа жетпей аяқталатын жағдайлар да аз емес екен. Былтыр 182, биыл 32 адам татуласу арқылы отбасын сақтап қалды.

Айта кетейік, бақытсыз жұптардың 5 белгісі туралы мына жерден оқи аласыздар.

Қазақстанда ажырасу статистикасы азайып келеді

Назерке Саниязова

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!