“Көңіл шіркін әлі сенбейді“. Президенттің кеңесшісі әкесіне арнап жантебірентер жазба арнады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында марқұм әкесінің қазасынан кейін жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қайырылмас қаза келіп, қара тауымыз құлады. Қара орманымыз сиреді. Әулетіміздің басына ауыр қайғы түсті. Асқар тау әкеңнің қалқайып отырғаны арқаңды алыпқа сүйегендей көңілге медеу, жаныңа сүйеніш екен. Қанша сыйлап жүрсең де, қанша сырлас болсаң да жүректе орны толмас қара жылым қалады екен. Жарықтық, көкжал мінезді адам еді. Жайнаған туы жығылмай өтті. Жалғанды жалпағынан баспаса да, жанын кірлетпей, жігерін жасытпай жақсы күнге жеткен кісі болатын. Тек, соңғы бірнеше жылда айықпас дертпен алысты. Сынбай күресті. Алланың бұйрықты күні жетсе, кесімді уақыты бітсе, адамның қолынан не келмек?! Айы біткен айында, күні біткен күнінде барша адамның мәңгілік тыныс табар мекені бауыры суық қара жер екен", - деп жазды ол.
Берік Уәли әкесінің қазасына әлі де сенбейтінін айтты.
"Әулетіміздің басына түскен ауыр қайғының тұсында, айналайын, ел мен жұрт, жүрегі шуақ жақсылар жанымыздан табылып, қайғымызды бөліп көтерді. Қасымыздан табылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлынан бастап, бәрі де ізгі тілеуін, қамқор пейілін көрсетті. Сіздерге Алла жар болғай! Алдағы Алла несіп еткен күндерде баршаңыздың айналаңыз аман, төңірегіңіз түгел есендікте, бес күн дәуреннің сәулелі сәттеріне куә болуға жазсын! Жан әкеміздің жарық дүниемен бақұлдасқанына көңіл шіркін әлі сенбей тұрса да, асқар тауымыздан айырылғанымыз белгілі. Үмітті дұғамызбен мәңгілік мекеніне тапсырдық. Жатқан жерің жарық, иманың саламат болғай, асыл әке! Артыңда қалған әулетің мен жанашыр жақынның тілеген дұғасына періште әумин десін! Бақұл болыңыз, Әке!", - деп жазды Уәли.
Еске салайық, бұған дейін Берік Уәлидің әкесі Уәли Құрманғалиев 74 жасқа қараған шағында дүниеден өткен еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан