- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көңілі жас". 1972...
"Көңілі жас". 1972 жылғы түлектердің видеосы Қазнетті тәнті етті
50 жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің кездесуінен түсірілген видео Желіде белсенді тарап жатыр, - деп хабарлайды TengriMix.
Видеодан үлкендердің ырғақты, көңілді биі әрі олардың пионер галстуктерін таққанын байқауға болады.
Білім министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, видеодағылар - осыдан тура 50 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Қособа ауылы Қособа мектебін бітірген түлектер.
"Тамаша", "Қандай сүйкімді пионерлер", "Көрсең көзің тояды, бәріңізге осындай мектептегі достықты тілеймін", "Бүгін бұдан сүйкімді ештеңе көрмедім", "Көңілі жас екені көрініп тұр", - деп жазып жатыр қазақстандықтар видеоға.
Мектеп директоры Жансұлтан Нұрмұханов видеоға қатысты пікір білдірді.
"Бұл видеоны жақында көрдім. Іс-шара мектепте ұйымдастырылмады. Кездесуді олар өздері өткізген болуы керек. Олар 50 жыл бұрын оқыған, шамамен 66-68 жаста. Олардың кездескеніне мен де қатты қуаныштымын. Кездесу кафеде өтті", - деді директор.
Видеодағы түлектердің бірінің айтуынша, олар мектепті 1972 жылы бітірген.
"Иә, кездесу кафеде болды. 1972 жылы он жылдықты аяқтадық. Мен 1955 жылы дүниеге келдім, 67 жастамын. 1962 жылы 1-сыныпқа бардым. Қателеспесем, мектепті 1972 жылы шамамен 38 адам бітірді. Кездесуге 20-ға жуық адам келді", - деді Мереке Сұлтанғалиев.
Мектеп директоры мұндай кездесулер сыныптастарын ұмытпауға көмектеседі дейді.
Ж. Қадыржанова"Көбі мектептен соң ұмытып кетеді. 1972 жылғы түлектер сыныптастарымен кездесуге жігер береді", - деп түйіндеді мектеп директоры.