Көңіл айтып, қолдау көрсетпеген: Майқайыңда қаза тапқан құтқарушының отбасына 120 млн теңге беріледі

Көңіл айтып, қолдау көрсетпеген: Майқайыңда қаза тапқан құтқарушының отбасына 120 млн теңге беріледі
Фото: Валерия Бугаева

Екібастұз соты "Майқайыңалтын" АҚ аумағында автобустың шұңқырға құлап кетуі салдарынан қаза тапқан құтқарушының туыстарының құқықтарын қорғады. Жұмыс беруші марқұмның жақындарына тіпті көңіл айтып, қолдау көрсетпеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

4 қаңтар күні Майқайың кенішінің аумағында болжамды өрт орнына технологиялық жолмен келе жатқанда үш құтқарушы мен автобус жүргізушісі шұңқырға құлап кеткен. Қаза тапқандар - "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС-ның қызметкерлері.

"Осы факті бойынша арнайы комиссия жазатайым оқиғаға тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі – 100 пайыз, жұмыскерлердің кінәсі – 0 пайыз екені анықталды", - деді соттың баспасөз орталығы.

Қайтыс болған құтқарушы Т.-ның анасы, қызы, ұлы және әпкесі қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның қайтыс болуына байланысты моральдық зиянды өтеу туралы талап қойып, сотқа жүгінді.

Моральдық зиян олардың моральдық азап шегуінен, ұлынан, әкесінен, ағасынан айырылуының ауырлығынан, жерлеу кезінде онымен қоштасуға мүмкіндік болмауынан, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпеуінен болып отыр.

"Сот болған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, әрбір туысының пайдасына қойылған талап көлемінде 30 миллион теңгеден, жалпы сомасы 120 миллион теңге моральдық зиянды өндірді", - деді ведомствода.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан