- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Коньки киіп шық"...
"Коньки киіп шық" дейсіздер ме?" Алматы облысы тұрғындары көктайғақ жолға шағымданды
Алматы облысы Өтеген батыр кентінің тұрғындары көктайғақ жолға шағымданып отыр. Өйткені апта басында жауған жауыннан кейін онсыз да қары күрелмеген үй аулалары нағыз мұз айдынына айналған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Абай көшесіндегі 27 үйде зейнеткерлер көп тұрады. Онсыз да жүрісі баяулаған қариялар үшін үй маңындағы дүкенге барып-келудің өзі мұңға айналған. Бірі таяққа сүйеніп, бірі баласын қолтықтап әупірімдеп мұз қатқан жолмен жүруге мәжбүр.
"Ауланың қары тазаланбайды. Құм мен тұз себілмейді. Бұған жауапты коммуналдық мекемелер өз міндетін дұрыс орындамайды", - дейді зейнеткер Ұлтуар Молдиярова.
"Қаладағы аулалардың бәрі осындай күйде. Дүкенге баруға қорқып, үйіме қайтып барамын. Емханаға қаралуым керек еді. Оған да жете алмайтын түрім бар. Көктайғақ, жүруге болмайды. Мына жақты мүлдем тазаламайды. Бірі сүрініп, құлап жатыр", - дейді ол.
Ал зейнеткер Людмила Гаанның айтуынша, кейінгі 6-7 жылда коммуналдық қызмет тазалық мәселесіне бас қатырмайтын болған.
"Бұл үйде тұрып жатқаныма 28 жыл болды. Пәтер иелері кооперативіне коммуналдық қызмет ақысын уақыты төлеп тұрамыз. Бірақ одан нәтиже жоқ. Аула қоқысқа толды. Бұған мән беріп, жағдайды реттегісі келетін әкімдік өкілдерін де көрмейміз. Үлкендер аулаға шығып серуендегісі келеді. Бірақ бәрі мұз. Жүру мүмкін емес. Сонда "коньки киіп шық" дейсіздер ме енді?" - дейді ол.
Іле аудандық әкімдігі баспасөз қызметі мәліметінше, Өтеген батыр кентіндегі аула тазалығына 4 пәтер иелері кооперативі, 29 жай серіктестік және жаңадан құралған 8 мүлік иелері бірлестігі жауапты екен. Көпқабатты үйлерді күтіп ұстау, шатырын жамау, кәріз құбырларын жөндеу де соларға жүктелген.
Асылан Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова