- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көнені жаңғыртқан "Киіз...
Көнені жаңғыртқан "Киіз Fest" фестивалі
Таразда қала күні мерекесіне орай "Киіз Fest" фестивалінің марапаттау рәсімі өтті. Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан қолөнерін жаңғырту, ата-бабадан қалған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтқан байқауда 12 топ бақ сынады.
Әуелі қатысушылар өз қолдарымен дайындаған киіздері мен ұршықпен иірілген жіптерін қазыларға ұсынып, атауын, дайындау әдісін, ерекшелігін, жасау техникасын, шығу тарихын кеңінен түсіндірді.
Бұдан кейін Тараз әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов сөз алып, ізгі лебізін жолдады.
"Биыл республика көлемінде алғашқы рет "Киіз Fest" байқауы ұйымдастырылып отыр. Қазақ халқында киіз құндылығының жоғары болғаны соншалық, халық ардақтысын, асылын ақ киізге отырғызған. Киіздің қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен астарласа үндесіп жатқанының тағы бір дәлелі – ел ішінде "киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз" деген сөз мәтелге айналған. Қойдың күзде қырқылатын күзем жүнінен киіз басу кезінде қазақ әйелдері тулаққа салып, жан-жақтан жиналып сабалап, оның соңын тулақ шашу секілді ойын-сауыққа ұластырған. Сондықтан қазақ салтында киізбен байланысты дәстүрдің қалыптасуы мұны көшпенділер мұрасы ретінде ұлт құндылығы деңгейінде дәріптейді. Бүгінгі байқауға қатысушыларымыздың қазіргі жаһандану дәуірінде ұмытылып бара жатқан киіз басуды заманауи үлгіде жаңғыртып, алдағы уақытта ұлттық құндылығымызды насихаттауға өз үлестерін қосатынына сенімім мол", - деп Дәуір Рысбайұлы фестиваль жеңімпаздарына марапаттарын табыстады.
Қазылар алқасының шешімімен "Ұршық иіру" номинациясы бойынша 3-орынды "Шолпы", 2-орынды "Шебер шаңырақ", 1-орынды "Асыл мұра" тобы еншіледі. Ал "Киіз басу" аталымында 3-орынды "Шебер шаңырақ", 2-орынды "Өшпес мұра", ал 1-орынды "Асыл қазына" тобы олжалап, қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Материалды Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан