Сыр бойындағы көне шаһар Баршынкентте ірі кесене табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Археологтар Қышқала аталған мекенде сегіз қырлы медресеге кезікті. Қалашықтағы ғимараттардың бәрі қыштан қаланған. Тарихшылардың сөзінше, сондықтан қала Алтын Орданың мәдени-саяси орталығы болған.
Археологтар алғашқы қазбаның өзінде-ақ қабырға өрнектері өткір пышақпен қиылып салынған үлкен 4 кесенеге кезіккен. Ауданы 28х20 метр болатын нысанда Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіндегі қазандық бөлмесі секілді зиярат ететін жері анықталды. Ал оған қарсы беттен кесененің иесі боп есептелетін адамның жерасты қабырханасы табылып отыр. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалашық Алтын Орда дәуірінде гүлденіп, ірі экономикалық орталық болғаны ғылыми түрде дәлелденіп жатыр.
"Бізде Қазақстанда мұндай басқа қала жоқ. Жоқ. Аты бар да, заты жоқ. Мысалы, Жент деймін, оның қайда екенін ешкім білмейді. Сондықтан бұл ескерткішті сақтау, келешек ұрпаққа жеткізу – билікте отырған азаматтардың, ғалымдардың тікелей алдындағы міндеті. Егер сақтамасақ, бұл жойылып кетеді. Сыртын қоршау керек. Сонан кейін зерттеу жұмыстарын белгілі бағытта жүргізу керек. Беталды емес, арнайы бағдарлама жасап. Өйткені әр ашылған құрылысты қалпына келтірсек, ол тағы 200-300 жыл тұрады", - дейді тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов.
Өзге жұрт ескерткішті жоқтан жасайды. Ал біз бай дүниені, атадан қалған мұраны көрсете алмай отырмыз, - дейді отандық ғалымдар. Сығанақ пен Сауысқандықтағы тасқа қашалған суреттер бүкіләлемдік ескерткіштердің алдыңғы тізіміне енген. Солар қазір жермен-жексен болып бара жатыр. Сондықтан тарихшылар жергілікті билікке Баршынкентті қорық-музейге айналдыруды ұсынып отыр.
"Туристерді тарту мақсатында содан бастағымыз келіп отыр. Аудан, ауылдың оқушыларын тарту. Балалардың қызығушылығын арттырып, балаларды әкеліп, көрсетіп, таныстырып, біздің тарихымызды баяндайтын нақты деректерге байланысты түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады", - дейді "Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау" ММ директоры Ерғазы Алданазаров.
Жалпы биыл облыс аумағында Баршынкенттен бөлек, Сығанақ пен Жанкент қалашықтарында қазба жұмыстары жүріп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!