- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кондиционерсіз үйді салқындатудың...
Кондиционерсіз үйді салқындатудың 10 жолы
Жаз - көпшілік асыға күтетін керемет мезгіл. Алайда күннің қатты ыстық болуы көпшілікке жағымсыздық сыйлайды және денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Кондиционер болмаса, үйдің ішін қалай салқындатуға болады?
1. Жапқыш немесе пердеше (жалюзи) ілу
Үйге түсіп тұрған күн сәулесі ауаны және үйдегі заттарды қыздырады. Сол үшін күн өткізбейтін жапқыш іліп қойыңыз. Күн түсіп тұрған кезде жапқышты жауып қою керек.
2. Терезеге үлдір жабыстырып қою
Жапқыштың бір кемшілігі - ол күні бойы үйді қараңғы етіп тұрады. Егер үйдің іші жарық болғанын қаласаңыз, терезеге арнайы күннен қорғайтын үлдір жабыстырып қойыңыз. Ол бөлмені қараңғы етпейді және ыстықпен күресуге көмектеседі.
3. Дұрыс желдету
Күндіз терезені ашпаған жөн, себебі үйге даладан ыстық ауа кіреді. Терезені дала салқындау болатын кездерде ашу керек: таңертең сағат 4:00-8:00 арасында және кешке 22:00-ден кейін. Егер мүмкіндік болса, түнде терезені ашық қалдыруға болады.
4. Ауаны ылғалдандыру
Суық су бөлме ішін салқындатуға көмектеседі. Егер ауа ылғалдандырғыш болса, оған суық су құйып, мұз салып қосып қойыңыз. Оған жалбыз немесе лимон эфир майларын қосуға болады. Егер ауа ылғалдандырғыш құрал болмаса, су шашатын ыдысқа салқын су құйып, 1-1,5 сағат сайын шашып отырыңыз.
5. Тұрмыстық техниканы сирек пайдалану
Плита және пешті қолданбауға тырысыңыз. Бұл электр шәйнегі, үтік, кофеқайнатқышқа да қатысты. Олардың бәрі ауаны қыздырады. Қажет болмаса, компьютер мен теледидарды да өшіріп тастаған жөн.
6. Шамдарды ауыстыру
Қарапайым шамдар жұмыс процесі кезінде қатты қызып кетеді. Оларды жарықдиодты шамдарға ауыстырған жөн. Егер әзір шамдарды ауыстыруға мүмкіндік болмаса, ыстық күндері шамдарды сөндіріп тастаған дұрыс.
7. Ауа сорғышты қосу
Егер плитаға тамақ пісірейін деп жатсаңыз немесе душқа түсейін деп жатсаңыз, асүйдегі немесе жуынатын бөлмедегі ауа сорғышты қосып қойыңыз. Ол бөлме ішіндегі ыстық ауа мен будың бір бөлігін кетіреді.
8. Желдеткіш жұмысын жақсарту
Желдеткіш (вентилятор) бөлмені салқындатпайды. Ол салқындату үшін оның алдына мұздай суы бар ыдыс қойған жөн.
9. Төсек жайманы мұздатқышқа салқындатып алу
Төсек жайманы мұздатқышқа салқындатып, оларды үйдің ішіне іліп қойыңыз. Салқындау үшін оларды мұздатқышта 10-15 минут ұстау жеткілікті.
10. Үйді ылғал тазалау
Күніне бір рет болсын еден мен жиһазды салқын сумен сүртіп алыңыз. Ауада шаң азаятындықтан, үйдің ішінде демалу да жеңіл бола түседі.
Бұл әдістердің тек біреуін қолдансаңыз, нәтиже бола қоймайды. Сондықтан бірден бірнешеуін жасаңыз. Тек үйді емес, өзіңізді де салқындатыңыз: суды көбірек ішіңіз, салаттар мен салқын тіскебасарлар жеңіз, қарама-қарсы душ қабылдаңыз.
Кондиционердің зияны және одан қалай қорғану керек?
А. Жапатова