Астанаға келген қонақтың қызбен таныстығы ақша ұрлығымен аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Кездейсоқ таныстық 21 жастағы алматылыққа 7 мың АҚШ долларынан астам шығын әкелді. Жас жігіт түнгі мекемеде болып, сол жерде қызбен танысқан.
Алғашқы таныстық жастарды жақындастырғаны соншалық, олар басқа барда көңіл көтеруді жалғастырып, соңында қонақүйге барған.
Жігіттің босаңсығаны соншалық, ол байқаусызда сөмкесіндегі 10 мың АҚШ доллары көлемінде банкноттарды көрсеткен.
Қонақүй бөлмесінде жігіт ұйықтап қалғаннан кейін, қыз жиналып, өзімен бірге 7 200 АҚШ долларын алып кетіп қалған. Оянғаннан кейін көлік сатып алуды жоспарлаған қаражатының жоғалғанын білген елорда қонағы полицияға жүгінді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есіл ауданының полиция қызметкерлері ұрлық жасады деген 25 жастағы күдіктіні бір тәулік ішінде анықтады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қыз мойындау көрсетпелерін берді. Полиция қаражаттың бір бөлігін тәркіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!