- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қонақүй, ойын-сауық орталығы,...
Қонақүй, ойын-сауық орталығы, фитнес желісі: Боранбаевтың миллиардтарды мемлекетке қайтаруы оның жазасын жеңілдетуі мүмкін бе?
Қазіргі таңда Қаржы мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың активтерін мемлекетке қайтару ісімен белсенді түрде айналысып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Боранбаевқа қатысты сот отырысы былтыр 30 желтоқсанда басталды. Осыдан кейін заңсыз активтерді қайтару бойынша Қайрат Боранбаев пен Қайрат Сатыбалдының активтері біртіндеп қайтарылып жатыр.
©️ Tengrinews.kz
Forbes 2021 жылғы рейтингінде Қайрат Боранбаевтың активтері туралы жазған еді. Оған тиесілі нысандар қатарында Алматыдағы Esentai Mall сауда ойын-сауық орталығы, Esentai Tower бизнес орталығы, "Алмалы" сауда ойын-сауық орталығы бар. Коммерциялық мүліктің жалпы алаңы - 32 мың шаршы метр.
almaly.kz
Сол кезде Қайрат Боранбаев Сержан Жұмашовпен тең түрде (жартысы) Esentai Tower бизнес орталығына және Esentai Mall СОО-ға иелік етті.
almaty-kazakhstan.net
Сонымен қатар, кәсіпкер Республика алаңындағы жалпы ауданы 25 мың шаршы метрге жететін "Алмалы" жерасты СОО-ның жалғыз қожайыны болды.
Биыл наурызда кәсіпкер елорданың Сарыарқа аудандық №2 сотының үкімімен 8 жылға сотталған болатын.
14 қыркүйек: 120 миллиард теңгеден асатын активі қайтарылды
Мұнай кен орны, газ тарату компаниясы, сервис саласындағы кәсіпорын, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендері, фитнес орталықтар желісі, кеңсе үй-жайлары және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданды. Сондай-ақ, Қайрат Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 миллиард теңге аударды.
Жуырда Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша апелляциялық сот үкімі шықты. Сот кәсіпкердің жазасын жеңілдетті. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотта Боранбаевтың мына мүліктерін мемлекетке қайтару туралы қаулы шықты:
- Құны 686 млн теңге тұратын Алматының Әл-Фараби көшесі, 77/7-1 мекенжайында орналасқан жер телімі бар коммерциялық ғимарат;
- "Халық банктегі" 1 миллиард 270 миллион 190 мың теңгесі бар есепшот;
- "Халық банктің" түрлі шоттарындағы 5,6 миллион доллар, 1,1 миллион доллар, 755,8 миллион теңге, 193,1 миллион теңге.
16 қазан: 1,4 миллиард теңгенің қонақ үйі мемлекет меншігіне берілді
Боранбаевқа тиесілі компаниялар "Comfort Hotel Astana" қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді. Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын бұл қонақ үй кешенінің жылдық айналымы 900 млн теңгеге жуық.
delfin-tour.ru
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл нысанды демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастырумен әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарланып отыр.
33,75 миллиард теңгенің ойын-сауық орталығы, фитнес желісі, кеңсесі
Бүгінгі таңда мемлекет кірісіне жалпы құны 33,75 миллиард теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сауықтыру және фитнес желісі өтті. Оның ішінде оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан "Алмалы" сауда орталығының ғимараты, сондай-ақ, жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын "Unity Hall" ЖШС бар.
Ақорда
"Алматы Тауэрс" бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады.
"Fitnation" фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті. Нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан. Бұл нысандардың барлығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдалану жоспарланып отыр", - делінген Қаржы мониторинг агенттігі хабарламасында.
Заңгер Бауыржан Азанов кәсіпкер Боранбаевтың қандай келісімдер аясында қылмысы жеңілдегенін түсіндірді.
"Процессуалдық келісімде прокурор мен айыпталушы немесе сотталушы екеуара бір-бірімен келіседі. Процессуалдық келісім ережесіне сай қажет қаржы мен міндеттерді өтесе ғана қылмысы жеңілдейді. Мұның арқасында кәсіпкердің қамаудағы уақытын 8 жылдан 6 жылға қысқарды, қазіргі таңда заң күшіне енді. Прокурор бұған дейін Боранбаевты кінәсін мойындаған үшін және 14,5 миллиард теңгенің залалын өтегенін ескеріп, процестік келісім жасаған болатын", - деді заңгер.
Оның сөзінше, Боранбаев Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі, 189-бабы бойынша кінәлі деп танылды. 218-бабының 3-бөлігі сыбайлас жемқорлық емес экономикалық қылмыс болып есептеледі. Осыны ескерсек, кәсіпкер шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін.
"Боранбаев 2022 жылғы наурыздан бері қамауда отыр. Қамаудағы бір күнін қауіпсіздігі орташа мекеде өтейтін 1,5 күнге тең деп қарайтын болса, Боранбаев 9 айдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның экономикалық қылмыс жасағаны ескеріледі, яғни бұл сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс емес. Қылмыстық кодекстің 72-бабында жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату талаптары көрсетілген. Мұндай бапты ол жазаның тең жартысын өтегеннен кейін басшылыққа ала алады. 6 жылдың тең жартысы - 3 жыл. 2022 жылдан бері қамауда отырғаны 2 жыл 3 ай деп саналса, 9 айдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін", - деді заңгер Азанов.
Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура Қайрат Боранбаевтың ісіне қатысты мәлімдеме жасағаны хабарланған еді.
Олжас Адай
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz