- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қонақ келсе ұялмай...
"Қонақ келсе ұялмай күтетін болдық". Алматылық тұрғынның үйіне 20 жылдан кейін газ кірді
Қалаға жақын маңда тұрса да қыстыгүні көмір жағып, жазда газ балон сатып алып күнелтіп жүрген отбасылар аз емес. Олар тұрған аудан мен көшеге көгілдір отын әлдеқашан келгенмен, оған қол жеткізе алмай отырғандар баршылық. Бірінің әлеуметтік жағдайы келмесе, енді бірінің құжаттарында мәселелер бар болып жатады.
Кейінгі жылдары көпбалалы отбасылар мен тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар үшін мемлекет, ірі компаниялар, сондай-ақ жеке қорлар есебінен түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Сол жобалардың нәтижесінде көгілдір отынға қолы жетіп жатқан шаңырақ иелері бар. Жуырда Massaget.kz тілшілері сондай жеңілдікке ие болып, 20 жылдан кейін үйіне газ кіргізген Дәулетовтер отбасына қонаққа барды.
Дәулетовтер отбасы Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты "Өжет" шағын ауданында тұрады. Мұнда көбіне жер үйлер орналасқан. Бір кездері әлеуметтік мәселелері қордаланған шағын ауданның бүгінде өңі кіріп, тұрғындарының жағдайы жасалып келеді. Мұны барған сапарымызда аңғарып қайттық.
"Өжет" шағын ауданына кешкі кептеліске қалмай ертерек жеттік. Үй иелері Әділжан Дәулетов пен Диляра Дәулетова да жұмыстарынан жаңа келген екен. Бізді қуана қарсы алып, ерекше ілтипат танытты. Бүгінде шаңырақ иелері 5 баланы өсіріп, бағып-қағып отыр.
Күйеуім Әділжан екеуміз 5 баланы өсіріп келеміз. Оның үшеуі студент. Біреуі әскерден келді. Кішісі мектепте оқиды. 2002 жылы шаңырақ көтердік. Жолдасым Шонжы жақтан, өзім Тараздың тумасы боламын. Бұл ауданға көшіп келгенімізге 20 жылдан асты. Үйді сатып алдық. Ол кезде балалар кішкентай еді, - дейді Диляра.
Жас отбасы үшін жаңа ғасырдың басы оңай болмапты. Алматыдай алып шаһарға сіңісіп кету де оңай емес. Еңбектеніп балаларды осы күнге аман-есен жеткізгендеріне шүкір дейді.
Қайын әпкеммен бірге тұратынбыз. Ол кісі қатерлік дертке шалдыққан жан еді. Бес баламен көп жұмыс істеудің де жөні болмады. Үйде отырдым, жәрдемақы да аз еді. Күйеуім базарда істеп асырады, - дейді балалардың анасы.
Күйбең тірлікпен жүріп Дәулетовтер отбасының көгілдір отынды кіргізіп алуға жағдайлары келмеген. Ақшаның басы құралғанда реті келмей, кіргізуге сәті түскенде ақшаның дайын болмауы кедергі келтірумен болыпты.
Газ кіргізу оңай шаруа емес. Біршама қаражат қажет. Біздің үйге кіргізу үшін шамамен 500 мыңдай қажет еді. Көрші үй 700 мыңға кіргізді, - дейді Әділжан Дәулетов.
Диляраның күнделікті табысы азық-түлікке кетсе, отағасының тапқаны киім-кешектен артылмаған.
Газ кіргізуге мүмкіндігіміз болмады, тапқанымыз киім мен тамақтан артылмады. Пеш жағып күнелттік. 3-4 жыл бұрын өзім де ота жасатып, жағдайымыз сәл тұралап қалды. Кейіннен базарға шықтым. Күніне 6 мың аламын. Жұмыстан шығып азық-түлігімді алып келемін, - дейді Диляра.
Дәулетовтер отбасы "қыс қамын жаз ойлап" деп ертерек көмір түсіріп алады екен. Ертерек түсіргеннен үгітіліп кетсе де, амал жоқ дейді. Себебі қыс жақындаған сайын қара отынның тоннасы да қымбаттай түседі. Ал қыстан шығу үшін 5 тоннадай көмір қажет. Биыл әлі сатып алмаған екен.
Көмірді қыркүйек-қазан айларында алып алсақ, қуанатынбыз. Одан кейін енді тоннасы қымбаттап кетеді. Қазір 1 тоннасы 20-22 мың теңге болып жатыр. Екеуміз жұмыс істесек те жеткізу қиын. Әйелімдікі азық-түлікке кетсе, өзімдікі киім-кешектен артылмайды. Биыл кеш қалып, көмірді қашан, қалай аламыз деп ойланып жүргенбіз. Сәті түсіп, газ кіргеніне марқайып отырмыз. Үш күн болды, рақат қазір. Менің де құлағым тынышталды, - дейді отағасы.
Қыс бойы отын жарып, көмір жағу қиындығы көп жұмыс. Диляра таңмен таласып оянып, балалары жаурап қалмас үшін көмір жағатын күндер де өте шыққанына сене алар емес. Мен енді "қалалық" болдым қуанышын жасыра алмады.
Жыл сайын 5 тонна көмір алатынбыз. Үй мен моншаға кетеді. Көмір аласың, оны сарайға тасисың, оның жағудың өзі үлкен проблема. Таңғы бесте тұрып жағып, алтыда жұмысқа шығып кететінмін. От жақпасаң үй суық болады, таңертең балалар сабаққа барады, тірлігіне кетеді. Екі-үш күннен бері көзіміз ашылып қалды. Ең бірінші мен қуандым. Көмір тасудан құтылған балалардың да қуанышында шек жоқ. Өмірі газ болмаған, өзім де таңғалып жүрмін, түнде тұрсам да, азанда тұрсам да үй жылы, жанның рақаты екен. Көршілеріме мен енді қалалық болдым деп қуанып айтып жүрмін, - дейді.
Қақаған қыста пеш жағудың қиындығымен қатар қаупі де бар. Себебі пешті жиі тазалап, отынның дұрыс жануын дұрыс қадағаламасаң улы иіс пен ыс шығып кетуі де мүмкін. Әділжан мен Диляра жұмыста жүрсе де үйде қалған балаларына көңілдері алаңдаулы болады екен. Әке-шешелері де қауіпсіздік шараларын сақтануды жиі ескертіп тұрған.
Кейде ыс шығатын жағдайлар да болады. Әке-шешеміз жиі хабарласып, жағдайымызды сұрап тұратын. Себебі түрлі жағдайларды күн сайын есітіп жатырмыз. Ол кісілер біз үшін уайымдайды. Ал мен базарға кеткенде үйдегілерді уайымдаймын. Ыс шығып, түтін шығып кетпеді ме деп. Жолдасым да жұмысқа кетеді. Балалар есі кіріп қалса да, ұйықтағанда еш кепілдік жоқ. Сондықтан қайта-қайта қоңырау шалып, оятып, пешті, пештің аузы ашылып қалмады ма деп қаратып тұратынмын. Енді уайымдамайтын болдым, - дейді Диляра.
Бірде өздері қонаққа кетіп, үйде қалған Диляраның қайын әпкесі мен інісі уланып қала жаздаған. Оны ертерек келіп, терезеден кіріп өздері құтқарып қалыпты.
Бұрынырақта бір оқиға болған. Үйде қайын әпкем мен інім қалған еді. Біз шамасы қонаққа кеткен болсақ керек. Келіп есікті қақсақ ашпайды. Терезеден кірдік, сөйтсек уланайын деп қалған екен. Дер уақытында келіппіз. Аман-есен құтқарып қалдық десек те болады. Қауіпсіздікті барынша сақтадық. Пешті ай сайын тазалап тұратынбыз. Улы иіс шықпас үшін ең бірінші құбырларын тазалатып тұру керек. Пештің жанында тұмшапеш болса, оны да от жаққанда қарау керек. Балалар кейде зат салып қоюы мүмкін. Бәрінен газ болғаны жақсы ғой , - дейді ол.
Жаз кезінде Дәулетовтер отбасы газ балонын жағып келген. Бір айға екеуі кететін еді дейді.
Бір айға екі газ балон жағатын едік. Шамамен 5 мың теңге кетеді. Қонақ келгенде бітіп қалып, ошаққа жалғастырған кездер де болған. Оны бірден жаға салу да қиын. Ыс болады, түтін шығады, - дейді.
Біз барғанда Әділжан мен Диляраның шаңырағына газ кіргеніне бірнеше күн ғана болған екен. Әлі де сене алар емес. Отын жағып, түтін түтету машақатынан құтылғандарына бек қуанышты.
Алатау ауданы әкімдігі көпбалалы ана ретінде өздері хабарласып, газ кіргізіп береміз дегенде шынымен қуандым. Көмір жағудың қиындығы көп. Көмір сатып алу, оны тасу, отын жару, оны жағу, бәрі-бәрі бір жыр. Күн суытып, қар жауса осы күйбең тіршілік басталады. Құдайға шүкір, биыл бұл машақаттан құтылдық. Көмір жағатын болғандықтан үй деген шаң болып тұратын. Қазандарым да қарайып кететін. Қонақтар келсе, балаларымен келсе түнде суық болады. Газ келгесін үйіміз де, көңіл-күйіміз де жадырап сала берді. Бастысы қазір балалардың бөлмесі жып-жылы. Қонақ келсе ұялмай күтетін болдық, - дейді қуана Диляра.
Диляра газды толық қосып өшіру, азайту техникасын меңгеріп үлгермепті. Үйде үлкен ұлы бақылап, қадағалап жүр екен. Қайтарымызда дастарханынан дәм таттырып шығарып салды. Осындай жобаны жүзеге асырып жатқан жандарға алғысын айтуды да ұмытпады.
Сауабы мол осындай жобаны жүзеге асырып жатқандар мамандарға рақметімізді, аудан әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Біз үшін қыс алдындағы тамаша қуаныш болды. Енді жылы су қондырғысын орнатып алсақ деп отырмыз. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, - деді үй иелері.
Газдандыру жобасы Halyk-тың 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясы аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылы банк қаражаты есебінен Алматы мен Астанадағы аз қамтылған отбасылардың 230-ға жуық тұрғын үйлерін толықтай газға қосу, қаржыландыру жоспарлануда. Бұған дейін Halyk Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырған, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен кредит берудің жеке бағдарламасын іске қосқан болатын.
Біз де үй иелерін ерекше қуанышымен құттықтап, жұмысымызға қайттық.
О. Сансызбай