Қонаевтағы мектептерде жылу жоқ. Дабыл қаққан ата-аналардың айтуынша, жылытқыш құралсыз, қалың күртешесіз кабинеттерде отыру мүмкін емес, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, Қонаевтағы орта мектеп-гимназиясы қалыпты оқу жүйесіне осы аптаның басында ғана оралған. Бұған дейін аязға байланысты бастауыш сыныптар 2 апта онлайн білім алып, жоғары сыныптарға бір сабақты 30 минуттан ғана өткізілген. Ата-аналар аязды күндер өтсе де, мектептегі жылу жеткіліксіз еткенін айтып отыр.
"Мектепте екі балам оқиды. Кеше сабаққа кеткен. Денешынықтыру сабағында балалар сырт киімін шешкен. Бүгін балам ауырып қалды", - деді ата-ана Қарлығаш Аманғалиева.
"Барлық кабинетті аралап шықтық. Жылытқыш пеш әлі қосылып тұр. Мектептегі оқушылар ойнап жүріп, абайсызда күйіп қалуы мүмкін", - деді ата-ана Сәния Миронова.
Білім ордасына шаң жуытпаған мектеп директоры ата-аналардың уәжін жоққа шығарды.
"Ауа райы жылынып қалды ғой. Кез келген кабинетке кіріп көрсеңіз, 20 градусты көрсетіп тұр. Мектепте спорт зал ғана салқын. "Бастауыш сынып оқушыларына уақытша сабақ болмайды" деп денешынықтыру мұғалімдеріне ескерту жасалды", - деді Қонаев қаласы орта мектеп-гимназиясының директоры Гүлзат Ержанова.
Қонаев қаласындағы Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектепте де жағдай мәз емес. Білім ордасының директоры шындықты жоққа шығармады.
"Ескі мектеп, терезелерді көріп тұрсыздар. Бірақ сәуірде мектепте күрделі жөндеу жұмысы басталады. Сондықтан бұл мәселе шешіледі деп ойлаймыз", - деді Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп директоры Гүлмира Амангелді.
Ал Қонаев қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, мектептерде жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған. Ал әзірге оқушылардың оқу форматы ауа райына байланысты өзгереді.
"Ауа райына байланысты оқу форматы өзгереді. Алдағы уақытта күн суытады деген болжам бар. Аяз болса, тиісті шара қолданылады", - деді Қонаев қалалық Білім бөлімінің басшысы Рахым Асылбек.
Айта кетейік, былтыр ғана облыс орталығына айналған Қонаевта жылу жүйесін жөндеуді талап ететін 4 білім ордасы бар. Тиісті қаражат бөлінсе де жұмыстың басталар уақыты әлі белгісіз екен. Ал Білім бөлімінің басшысы оқу жылы аяқталмай мәселе шешілмейтінін айтқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!