Қонаевтағы казинолардан мемлекетке қанша табыс түскені белгілі болды

Алматы облысында жарты жылда ойын бизнесінен бюджетке 25 млрд теңге салық түскен. Бұл туралы өңір әкімдігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2,5 жылда 184,7 млрд теңге түскен

Алматы облысындағы заңды ойын бизнесі субъектілерінен алты ай ішінде мемлекеттік бюджетке 25 млрд теңге салық түскен. Оның 10,6 млрд теңгесі өңір бюджетіне аударылған.

Кейінгі екі жарым жылда саладан мемлекеттік бюджетке жалпы 184,7 млрд теңге салық түскен. Оның 53,8 млрд теңгесі өңір бюджетінің кірісіне бағытталған.

Жалпы Қонаев қаласында ойын бизнесі саласында 21 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және 3 ойын автоматтары залы бар. Бұл салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді.

Шетел азаматтары да келеді

Алматы облысы Туризм басқармасы мәліметінше, өңірдегі казиноларға келушілердің шамамен 20 пайызы - шетел азаматтары.  

"Қонаев қаласына келген әрбір турист қонақүйлерде орналасып, қоғамдық тамақтану орындарына барады, көлік, сауда және басқа да қызмет түрлерін пайдаланады. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнес дамуына, жаңа жұмыс орындары ашылуына және жергілікті экономика жандануына да ықпал етеді", - деді Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.

Талғарда жаңа ойын аймағын құру жоспарланып отыр

Айта кетейік, қолданыстағы "Ойын бизнесі туралы" заң аясында Талғар ауданында тек шетел азаматтарына арналған жаңа ойын аймағын құру жоспарланып отыр. Бұл бастама қоғамдық кеңесте қаралып, оң қорытынды алған.

Жобаны Талғар ауданында орналастыру аумақтың туристік әлеуетіне байланысты болып отыр. Аудан Алматы қаласы мен халықаралық әуежайға жақын орналасқан. Сонымен қатар, мұнда тау туризмі, сауықтыру және демалыс бағытындағы ірі нысандар шоғырланған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!