Қонаевтағы казинода құмар ойындарға жұмсаған: экс-депутат бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді

Қонаевтағы казинода құмар ойындарға жұмсаған: экс-депутат бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді
Фото: Видео кадры

Алматы облысында агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінген бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Тергеу амалдарына сай қылмыстық схеманы Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты ұйымдастырған.

ҚМА мәліметінше, ол ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесінің арқасында және мемлекеттік субсидиялау тетіктерін жетік біліп, бюджет қаражатын заңсыз алудың тұрақты схемасын құрған. Схеманы іске асыру үшін ұйымдастырушы өзіне бағынышты кәсіпорындар мен Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдаланған.

Уәкілетті органдарға таңқурай алқаптарын отырғызуға арналған элиталық таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттар ұсынылған. Мәліметтің анықтығын растау мақсатында жалған сатып алу-сату шарттары, қабылдау-тапсыру актілері, электрон шот фактуралар рәсімделген. Алайда мұндай көлемде көшеттер жеткізілмеген. Ал құжаттарда көрсетілген кейбір шаруашылықтардың таңқурай өсіруге мүмкіндігі болмаған.

Субсидия көлемі

Салдарынан бюджеттен 2,6 млрд теңгеден аса субсидия заңсыз алынған. Оның 491 млн теңгесі қор нарығында операциялар жүргізуге бағытталған. Осы мақсатта күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған.

Бұдан бөлек, тағы 400 млн теңге уақытша қаржылай көмек көрсету сылтауымен iSolutions Capital микроқаржы ұйымына аударылған. Кейін бұл қаражатты күдікті кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырған. Сондай-ақ, күдікті ұрланған қаражаттың 170 млн теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсаған.

Сот санкциясы

Сот санкциясымен күдіктілердің 4 пәтеріне, 3 көлігіне, жеке тұрғын үйіне және бағалы қағаздарына тыйым салынды. Үш күдіктіге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget