Қонаевтағы атыс: прокурор мәлімдеме жасады

Қонаевтағы атыс: прокурор мәлімдеме жасады
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Алматы облысында 20 жастағы жігіттің өліміне қатысты істі прокуратура ерекше бақылауға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қонаевта бір топ адам 20 жастағы жігіттің өліміне қатысты тергеуде құқық қорғау органдарына сенімсіздік танытты. Олардың үндеуі әлеуметтік желілерде пайда болды.

"Көпшілігіңіз 26 маусымда қаламыздың орталығында болған қайғылы оқиға туралы білесіз, онда менің досымды өлтіріп кетті, ал екіншісі ауруханада ауыр жағдайда жатыр. Бүйрегін алып тастады, бауыры зақымданған. Ол көп қан жоғалтты, денесінде әлі де сынықтар бар. Күдіктілер жазадан құтылуға тырысып жатыр, өйткені олардың құқық қорғау органдарында байланысы бар. Кісі өлтіргеннен кейін олар жан-жаққа қашып кетті. Оларға уақыт керек болды. Бұған дейін бірнеше рет жазадан құтылып кеткен, бұған Қонаев тұрғындары куә. Барлық куәгер куәлік беруге дайын, бірақ өміріміз үшін қорқамыз және жақындарымыз бен өзімізге қорғанысы қажет. Күдіктілердің байланысы бар, қайталап айтайын. Қазір олардың екеуі кінәні өз мойнына алады. Бірақ біз әділдікті қалаймыз және олардың ұйымдасқан қылмыстық тобы толығымен жазаланғанын талап етеміз", - делінген бейне үндеуде.

Прокуратура адам өлтіру ісі ерекше бақылауға алынғанын хабарлады. Қонаевтың прокуроры Айдос Шормановтың айтуынша, тергеу сотының санкциясы бойынша, қылмыс жасады деген күдікпен алты адам ұсталып, уақытша қамауға алынған.

"Ресми түрде хабарлаймыз, бұл қылмыстық іс прокуратура органдарымен ерекше бақылауға алынған. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен алты адам ұсталды. Тергеу сотының санкциясы бойынша, олардың барлығы қамауға алынды. Олардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша сараланды. Қонаев қаласының прокуратурасы осы іс бойынша барлық әрекет Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетінін растайды. Біз барлық мән-жайды анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуға бағытталған объектив және бейтарап тергеу жүргізілетініне кепілдік береміз. Барлық азаматты, осы қылмысқа қатысы бар тұлғаларды жауапкершіліктен босатуға тырысудың ешқандай әрекеті қабылданбайтынына сендіргіміз келеді", - деді прокурор.

Сондай-ақ, ол тергеуге көмектесетін қандай да бір ақпаратқа ие адамдарды прокуратура немесе ішкі істер органдарына жүгінуге шақырды.

"Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында жалған мәлімдемелер мен ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр, сол себепті іс туралы өзге де ақпарат жарияланбайды. Сондықтан барлық азаматтан кез келген мәлімдемелер мен болжамдар жасаудан бас тартуды, ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуды өтінеміз".

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан