- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қонаевта "талдырып" ойнаған...
Қонаевта "талдырып" ойнаған оқушы ауруханадан бір-ақ шықты
Қонаев қаласында №5 орта мектептің оқушылары сыныптастарын талдырып көретін ойын ойнаған. Салдарынан сегізінші сынып оқушысы зардап шегіп, тістері сынған, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Аузы-мұрнынан қан аққан жасөспірім қазір ем алып жатыр.
Видео кадрларында бір бала сыныптасын қабырғаға қысып, талдырып жатыр. Жиырма рет отырып-тұрғызып, демі тарылғанда кеудесін қысып қалады. Миға оттегі жетпеген оқушы он секундқа о дүниеге аттана жаздап, есінен танады.
"Заман сондай болып кетті ме? Тәрбиенің бәрі отбасынан басталады ғой. Оларды басқа бағытқа спортқа, үйірмелерге тәрбиелеу керек. Бос уақыты көп", - деді ата-ана Ерден Әділбеков.
Сыныптастары тынысын тарылтып, демін тежеп, қас-қағым сәтте талдырып ойнаған жағдай мектепте болған. Ойын балалары бұл әрекетін әдейі камерадан тыс жерде жасаған. Тіпті есікті жауып қалқалап қойған. Ал мектеп басшылығы барлық ата-анамен түсіндірме жұмысын жүргізген.
"Балалармен үнемі жұмыс істеп отырамыз. Семинарлар өткіземіз. Ата-аналармен де жұмыс істейміз. Вебинарлар да өтеді, біз де қатысамыз. Бұл жерде меніңше, екі жақтың да кінәсі болып тұр. Біздің де кәнімізді жоқ деп айта алмаймын. Өйткені біздің тараптан бақылау болмады", - деді №5 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Мақпал Төлеуханқызы.
Қонаев қаласының Полиция департаменті өкілі де оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Бұл іске қатысты қазір оқу бөлімшесінің жауапты өкілдерімен қатаң тәртіптік ескерту жүргізілді. Сонымен қатар, басқа да мектептер арасында алдын алу шаралары жүргізілді. Зардап шеккен оқушы мен оның денсаулығына нұқсан келтірген оқушылар арнайы есепке алынды", - деді Қонаев ҚПБ аға инспекторы, полиция майоры Гүлмира Турина.
Денсаулығына нұқсан келген оқушының сынып жетекшісінің айтуынша, бала қазір Алматыда ем алып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек