Қонаевта қазақ тілінде жазылған алғашқы Брайль қарпіндегі еңбек жарық көрді

Бүгін Алматы облысында тарих беттерінде қалатын ерекше бір шара өтті. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен елімізде тұңғыш рет әлемді саусақ ұшымен танитын балаларға арналған брайль қарпінде "Айналайын" атты әңгімелер және өлеңдер жинағы жарық көріп, оның тұсауы Қонаев қаласында кесілді. Жоба авторы - "Білте" қоғамдық қорының президенті, елімізге сыйлы қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын - Мақпал Мыса.

Бұл жоба елімізде алғаш рет жүзеге асырылып, көру мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қазақ тілінде шығарылған кітаптардың негізі десек болады.

Бұл жинақтарда қазіргі заман жазушыларының балалар әлеміне әсерлі әңгімелері мен ертегілері топтастырылған.  

Жинаққа 22 автордың 15 әңгімесі мен 15 өлеңі еніп отыр. Бір айта кетерлігі - елімізде бұл санаттағы жандарға арналған қазақ тілінде жүйелі және кешенді түрде басылған кітап мүлде жоқтың қасы.

Кітап балалардың көркем ойлау қабілетін шыңдап, бедерлі қаріпті оқу дағдысын дамытуға, рухани-танымдық білімін арттыруға көмектеседі.

Жинақ 1000 данамен жарық көріп отыр. Кітаптар еліміздің бар аймағындағы зағип балалар мектептеріне, арнайы ұйым, кітапханаларға тегін таратылады.

Қолға алынған бастама Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадамдарына үн қосып, ел үшін маңызды әрі өзекті мәселені шешуге бағытталып отыр. Әдебиет пен мейірім бір-бірімен ұштасатын осынау кітаптың әрбір беті, көру мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жаңа бір әлемнің есігін ашып, олардың жүректеріне жарық пен үміт сәулесін сеуіп, өмірлерін сұлулықпен безендіруге арналған нағыз сыйлық екені сөзсіз.

Қоғамда әр баланың тең мүмкіндіктерге қол жеткізуі - баршаға ортақ әрі маңызды ұстаным. Осындай құндылықты терең түсіне отырып, мұндай кітаптарды жүйелі түрде шығару - тек әдебиет саласындағы қадам ғана емес, балалардың болашағына деген қамқорлық пен үміттің белгісі. Әрбір шығарылған кітап - бұл қолжетімділік пен теңдік жолында жасалған қадам, ал оның маңызы уақыт өткен сайын арта беретін асыл қазына.

Кітапқа еліміздің 22 белгілі авторының әңгімелері мен өлеңдері енген. Олардың шығармалары жас оқырманға тек білім мен тәрбие ғана емес, жүрекке жылы үміт пен күш-жігер сыйлайды.

Бұл жобаның жүзеге асуы көпшіліктің қолдауымен мүмкін болды. Кітаптың таныстырылымына қатысқан Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан Сенат депутаты Амангелді Толамисов, Мәжіліс депутаты Максим Рожин, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Қуат Сұлтанұлы, ақын Алмас Ахметбекұлы, зағип жандарға арналған республикалық кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы, жазушы Ділдәр Мамырбаева және басқа да құрметті қонақтар кітаптың маңыздылығын атап өтіп, жоғары бағаларын беріп, көпшілік алдында жып-жылы лебіздерін жеткізді.

Бұл кітап, көз жанарынан ерте айырылған балаларға арналған, алайда оның терең мәні тек көру қабілетінен айырылғандармен шектелмейді. Ол жарық дүниені көзбен күнде көріп жүрген адамзат баласының табиғат пен жаратылысқа және адамдарға деген мейірімі мен сүйіспеншілігінің кемімеуін дәріптейтін сабақ десек, артық айтпаған болар едік.

Кітаптың әрбір беті балаларды армандарына ұмтылып ұшуға, өмірдің барлық қиындықтарына қарамастан, өз жолдарын табуға шақырады. Бұл бастама балаларға әлемнің сұлулығын сезініп, қараңғылықтың өзінде жарық іздеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қараңғылықты жарыққа айналдыратын бұл туынды, балалардың жүректерінен мәңгілік орын алады деген сенім мол.

"Айналайын" жинағының жарық көруі - тек әдебиет әлеміндегі жаңалық емес, ол әр баланың өміріне қосылған жаңа жол, жаңа мүмкіндік. Бұл жобаны қолдаған Алматы облысының әкімдігіне ерекше алғысымызды білдіріп, біздің еңбегіміздің тек басы ғана екенін айтамыз. Келешекте мұндай ізгілікті істер жалғасын таба бермек, - деді қор президенті Мақпал Мыса.

Әрбір бала бақытты болуға, өз армандарына қол жеткізуге толық құқылы. Бұл бақытқа бірге қол ұстасып, жаңа әлемге қадам басқанда ғана жетеміз. "Айналайын" кітабы балалардың жүрегіне үміт пен қуаныш, мейірім мен жылы сезім ұялатады. Ол әрбір баланың жанын жарқыратып, өмірдің сан алуан мүмкіндіктеріне жол ашады, болашағына сенім ұялатып, батыл қадам жасауға ынталандырады.

Жарық пен бақыттың жолы әрдайым сіздермен болсын, құлыншақтар!

Алматы облысының әкімдігі ұсынған материал

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!