Полиция қызметкерлері Қонаевтағы демалыс базасында болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pоlisia.kz-ке сілтеме жасап.
8 сәуірде сағат 19:03-те Қонаев қалалық полиция басқармасына қалалық ауруханадан түрлі дене жарақатты бар үш ер адамның түскені туралы хабарлама келген.
Осы хабарлама бойынша Қонаев қаласы ПБ СДТБТ-да ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағында "Бұзақылық" көзделген қылмыстық құқықбұзушылық бойынша іс тіркелді.
Тергеу барысында зардап шеккендер Қапшағай су қоймасының жағасына ұжым болып демалысқа келіп, жеке аумаққа заңсыз кіргені анықталды. 1986 жылғы Г. есімді аймақтың меншік иесі мен жұмысшылары ер адамдармен ауызша жанжалдасып, соңы төбелеске ұласқан.
Оқиға орнына полиция жасағы жіберілді. Оқиғаға қатысқандар мән-жайды анықтау және іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін полиция басқармасына жеткізілді.
Іс бойынша соталды тергеудің толықтығын қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажет тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Бұған дейін желіде су қоймасының жағасындағы жанжалдың видеосы пайда болған. Видео авторы демалушылар мен балықшылар арасында төбелес болғанын айтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!