Қонаевта Tartyl Fest спорт фестивалі басталды

Қонаевта Tartyl Fest спорт фестивалі басталды

Бүгін, 10 шілдеде Қонаев қаласында турникке тартылудан республикалық Tartyl Fest спорт фестивалі басталды, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.

Шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы "Dara" дарындыларды қолдау қорының" ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Спорттық сайыс 6 қыркүйекке дейін еліміздің 20 қаласында жалауын көтереді.   

Білек күшін сынауға кез келген адамның мүмкіндігі бар. Қатысушылар жасы мен салмағына қарай 9 категория бойынша сынға түседі. Жарысты ресми әділқазылар алқасы бағалайды. Аймақтардан топ жарған мықтылар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гранд-финалға жолдама алады. Жарыс қорытындысы бойынша гранд-финал жеңімпаздары әлем чемпионатына қатысып, халықаралық додада Қазақстанның намысын қорғайды. 

Жоба жетекшісі әрі амбассадоры Қазақстандағы Street Workout орталықтардың негізін қалаушылардың бірі, жаттықтырушы және актер Айтым Жақыпов. Ол - Street Workout бойынша Қазақстанның және әлемнің бірнеше мәрте рекордсмені, Street Lifting спортынан Еуропадағы бірқатар турнир жеңімпазы атанған.

Әр қала бойынша жүлде қоры - 3 400 000 теңге. Ал, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гранд-финалдың жүлде қоры - 54 000 000 теңге.

Сайысқа қатысу үшін өтінішті  www.daraqory.kz ақпараттық сайтына жолдауға болады. 

Д. Шәріпхан