Қонаев қаласына қарасты он мың гектарга жуық жер Іле ауданына өтетін болды. Бұл шешімді қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қабылдады. Аталған аумақ Заречный ауылдық округін қамтиды. Алайда Арна мен Заречный ауылының тұрғындары бұған наразылық танытып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, қалалық әкімдік өкілдері халықпен кездесіп, алдын-ала түсіндіру жұмысын дұрыс ұйымдастырмаған. Қоғамдық маңызы бар шешімді асығыс қабылдаған. Заречный мен Арна тұрғындары барлылық мемлекеттік және әлеуметтік көмекті алады. Егер ауыл Іле ауданына өтетін болса онда бұл жағдай халықтың тұрмысына, барыс-келісіне кері әсер етеді.
"Болашақта Алатау деген қала салынады деп жатыр. Соның жерін белгілеу керек екен. Оған Заречный мен Арна ауылдарын қоспақ. Өткенде Қонаев қаласы әкімінің орынбасы келіп бізді Іле ауданына өтетінімізді айтып кетті. Оған түбегейлі қарсымыз. Бізбен санаспай, пікірімізді тыңдамай неге сондай шешім қабылдайды? Онсыз да тұрмысы нашар тұрғындарға бұл қиын. Алыстағы Өтеген батыр кентіндегі әкімшілікке, халыққа қызмет көрсету орталығына, ауруханаға сабылуға мәжбүр боламыз ғой. Керек емес. Осыдан екі жыл бұрын Арна ауылы қосылып, жаңа ықшамауданы болады деген. Арасы нәбірі 7 шақырым ғана. Енді келіп сіздерді Қонаевтан бөліп тастаймыз дейді. Бұны қалай түсінуге болады?", - дейді ауыл тұрғыны Раушан Ысқақова.
Ауыл тұрғындарының уәжі орынды. Өйткені Заречный Қонаев арасы 13 шақырым. Жергілікті тұрғындар Қонаевқа барып жұмыс істейді. Құжаттарын рәсімдейді. Аталған мәселеге байланысты тұрғындармен Қонаев қаласының әкімі кездесті. Оның айтуынша алдағы уақытта Алматы мен Қонаев арасында жаңа Алатау атты қала пайда болады. Бұған дейін ол "G4 City" жобасы деп аталып келген. Бұл еркін экономикалық аймақ. Сондықтан қазірден бастап дайындық жұмысы басталған. Соның аясында қалалық мәслихатта Қонаев қаласының және ауылдық округтер шекарасын өзгерту және белгілеу туралы сұрағы қаралған.
"Ол келешектің сұрағы. Өйткені даму болу керек. Екі қаланың ортасында Алатау қаласы еркін экономикалық аймақ болу керек. Қазіргі таңда біз соның шекарасын қарастырып жатырмыз. Бірақ, ауылға әкімшілік, әлеуметттік әрі мемлекетік қызмет көрсету Қонаев қаласында қалады", - дейді Нұрлан Құматаев.
Жалпы Заречный ауылдық округі өз бетінше индустриалды аймақ. Мұнда гипс, құрылыс материалдары мен құбыр құрастыратын ірі өндіріс орындары жұмыс істейді. Сонымен қатар кеспе мен макарон өнімдерін шығаратын фабрика бар. Жалпы округте алты мыңға жуық адам тұрады.
Саламат Сабыр
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!