Қонаев қаласында су мен кәріз құбырын жүргізуге тиіс мердігер компания жұмысты толық аяқтамаған. Соның кесірінен "Қарлығаш" ықшам ауданының тұрғындары ауыз сусыз отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала тұрғыны Айнұр Несіпбаева үй шаруасындағы әйел. "Қалаға қарасты шағын ауданда тұрсақ та, өркениеттен жұрдаймыз" деп шағымданды. Олар тұрмысқа қажетті суды қаладан тасиды.
"Күнделікті тұрмыс қажеті үшін су керек қой. Бірақ бізде ол жоқ. Күйеуім қалада жұмыс істейді. Суды бос ыдыстармен тасып әкеледі. Кей күндері қалаға 4-5 рет барып келеді. Ол жұмыстан келгенше су тосып отырамыз. Балалрды жуындырып-шайындыру керек. Әкімдік су әне келеді, міне келеді деді. Әлі келген жоқ", - дейді ол.
Шағын ауданда жөнді жарық та жоқ. Тұрғындардың айтуынша, аялдама да керек. Ал, кәріз жүйесін тарту жұмыстары да аяқсыз қалған. Мердігер мекеме қазылған шұңқырларды көмбей, сол күйі тастап кетіпті. Бұл маңнан көлік тұрмақ, адам жүре алмайды. Налыған жұрт мәселені қала әкіміне сан мәрте айтқанымен, нәтиже болмаған.
"Біз неге ренжиміз? Суды тартқанда да оны "Қапшағай су арнасы" мемлекеттік мекемесіне беру керек еді. Қаланы сумен қамтамыз етуге өздері жауап береді. Алайда, осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін әкімдік тендер жариялайды. Оны басқа жақтың белгісіз бір компаниясы ұтып алады. Ұтқан компания қандай екенін ешкім білмейді. Жауапсыздықтан зардап шегетін қарапайым халық. Сосын жағдайымызды кімге айтарымызды білмей шырылдап жүреміз", - дейді жергілікті тұрғын Абдолла Тұрғанбаев.
"Гүлдер" және "Қарлығаш" шағын аудандарын сумен қамтып, кәріз жүйесін жүргізуге бюджеттен 430 млн. теңге бөлінген. Орталықтандырылған құбыр тартылғанымен, су әлі берілген жоқ. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтап тұр. Құрылыс жұмысымен "Шах" ЖШС айналысып жатыр. Су құбыры толық тартылғанымен, кәріз шұңқырлары ашық жатыр.
"Қазіргі таңда мердігер ұйымның есепшоттары арестте тұр екен. Өкілдерімен сөйлестік. Олар келесі аптада жұмыстарды бастаймыз деп отыр. Біз бұған дейін ол мердігер ұйымға екі рет талап арызбен сотқа жүгінген болатынбыз", - дейді қалалық әкімдік қызметкері Асхат Жексембеков.
Әкімдіктің айтуынша, келісімшарт бойынша мердігер мекеме жыл соңына дейін кәріз құбырын тарту жұмыстарын аяқтауы керек. Егер іс бітпесе сотқа қайта арызданбақ.
Саламат Сабыр
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!