Қонаев қаласындағы "Құрылысшы" саяжайында электр жарығы жиі сөнеді. Жарық өшкенде су мен жылу да болмай қалады. Саяжай инфрақұрылымы әбден тозған. Қазір мұнда екі мыңға жуық адам тұрып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Халық санының ұлғаюы электр қуатының тұтыну көлемінің артуына әкелді. Бірақ тариф қаламен салыстырғанда қымбат.
"Бұл мәселе үш жылдан бері жалғасып келеді. Светті қымбаттатады. Ай сайын біз қалаға қарағанда киловатына артық ақша төлейміз. Жарық өшіріп тастайды. Уақытымен жақпайды", - дейді зейнеткер Гүлнәр Әлімова.
Саяжай тұрғындары бірлестік құрып, ай сайын электр жарығының ақшасын бір шотқа жинап төлейтін. Мұндағы электр қуатының 1 киловаты 32 теңге. Тұрғындар жарыққа ақшаны уақыты төлемегендіктен бірлестіктің "Алматы жарық компаниясына" 30 млн. теңгеге жуық қарыз ақшасы жиналып қалған.
"Қарыз деп айтады. Оны бәріміз төлеп отырмыз. Свет, жарық, су керек қой өркениеті бар өмірде. Өзіміз үшін төлейміз. Кім қарыз екенін білмейміз. Үйдегі тұрмыстық техника күйіп кетті. Бізде бірлестік құрылған. Бірақ ол өз жұмысын дұрыс атқармайды. Қашан іздеп барсаң да, басшысын таба алмайсың. Сонда кімге барып арызданамыз?" - дейді саяжай тұрғыны Ерлан Маеамеров.
Елді мекенді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі жыл сайын көтеріледі. Биыл жазда Қонаев қаласының әкімдігі электр жүйесін жаңартуға кірісіп, жаңа трансформаторлар орнатты.
"Алдағы уақытта әр абонемент қалалық электр жүйесіне жалғанады. Сонда тариф те арзандайды. Қазіргі уақытта біз бұл елдімекенге бес трансформаторлық станция қойдық. Техникалық негіздеме беріп, саяжайдың электр желілерін өзіміздің балансқа аламыз. Бұл жұмыс әлі жүріп жатыр", - дейді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Дархан Қарақонысов.
Әкімдік өкілінің сөзінше, Қонаев қаласының бас жоспары Үкіметте бекітілді. Соған сәйкес келесі жылы "Құрылысшы" саяжайы ықшамаудан ретінде Қонаев шаһарының құрамына кіреді.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!