Танымал актриса, тележүргізуші Жұлдыз Әбдікәрімова елдегі барлық саладағы инвесторларға деген талап күшейтіліп, келісімшарттар қайта қарастырылуы керегін айтты , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті.
"Тарихқа тағы бір күн қаралы болып жазылды. Енді тергеп-тексеру, жауаптылар мен немқұрайлық танытқандарды анықтау әрекеттері жүреді. Қош, қандай сабақ алдық? Митталды қуып шыққанмен мәселе шешіле ме? Неге ол тозығы жеткен шахтаны тастап кеткеніне қанағаттануымыз керек? 30 жылда Қарағанды астынан қазған көмір орнын қабірге толтырып кеткені үшін жауап бергізуге пәрменіміз жете ме? Қаза болғандардың отбасыларына қандай жәрдем көрсетсек те, адамын қайтара алмаймыз. Жұбатуға сөз таппаймыз. Тірі адам тіршілігін жалғастырады екен. Бұдан кейін мұндай қолдан жасалатын апаттар болмаса екен. Көк байрағымыз төмен түспесе екен. Елдегі барлық саладағы инвесторларға деген талап күшейтіліп, келісімшарттар қайта қарастырылуы керек. Адам өміріне немқұрайлы қарауды тоқтатпаса, қаралы күндер бітпесі анық. Кейінгі кездері адам шығыны болмай өзгеріс орнамайтын болды. Неге?" - дейді ол.
Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал кеше қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз