Қызылорда облысының көгілдір отын бармаған ауыл-аумақтарында әлі от жағып, күл шығарады. Тұрғындар бірақ оған емес, көмір орнына құм жағып отырғанына қынжылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәулет Тұрсынханұлы Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында тұрады. Көпбалалы жас отбасының қожайыны қып-қызыл ақшаға келген көмірдің қызуы төмен, үйді дұрыс жылытпайтынын жеткізді. Бір қыстан тоңбай шығу үшін кемінде 250 мың теңге жұмсайды. Алайда соның жартысы құр шығын.
"Бұрын бір жылға 6-7 тонна жететін. Енді 10 тонна аламыз. Таразыдан бір жейді. Жанбайтын көмірді араластырып, тағы салады. 10 тоннаның 4 тоннасы құм, топырақ араласқан, күнге әбден күйіп, жылуы кеткен жанбайтын көмір болып шығады", - деді кейіпкеріміз.
Бұл пікірді оның ауылдасы Насреддин Рзаев қуаттай түсті.
"12 қыркүйекте түсірген 7,5 тонна көмірдің 2,5-3 тоннасы қалды. Сол күйі құм. Өткен жылы да осылай болды. Топырақ, құммен араластырып береді. Былтыр елеп, құмынан бөліп алып пайдаландық. Тағы сол жағдай қайталанып отыр. Ескертуіміздің кемі жоқ, бірақ оны ешкім пысқырмайды. Бұған бір шара қолданбаса болмайды", - деді Насреддин Рзаев.
Ал "қара алтынның" астында қалған құмды тұрғындар үйінің алдына төсеуге мәжбүр. Жалағаш ауданы Мырзабай ахун ауылының тұрғыны Нұрбек Қарлыханов та көмірдің сапасы бағасына сай емес екеніне қынжылыс білдірді.
"Көмірдің өзіне, оны жеткізіп берген көлік иесіне беретінің бар, қалтаға кәдімгідей ауыр. 2 тонна көмірдің жартысы қиыршық құм, сөзіме сенбесе, көрсете аламын. Таразыдан жеген өз алдына, ақысына сай көмір жағуымыз керек. Бірақ чек бермегесін дәлелдей алмайсың. "Басынан солай келіп жатыр" деп құтылады", - деді жалағаштық азамат.
Дәулет Тұрсынханұлы көмір қоймалары бір-бірімен байланысты, одан халыққа нашары кетеді, тәуір жерін алыпсатарлар алады деп есептейді.
Ауыл тұрмақ, Қызылорда қаласының іргесіндегі "Сабалақ" саяжайына да табиғи газ әлі жеткен жоқ. Саяжай тұрғыны Әйгерім Бақытқызы жылу маусымы басталғаннан от жағу үлкен мəселеге айналатынын айтты.
"Жалақыға немесе несиеге қоймадан тонналап көмір аламыз. Бірақ сапасы жылдан-жылға нашарлап барады. Ірі көмір аз, құм болып кеткенін сатады. Не жылуы жоқ, пешке салғанда астынан түсіп, рəсуə болады. Бірнеше рет əлеуметтік желіге шығардым. Бірақ билік өкілдерінің де, жеке кəсіпкердің де мұрты қисаймады", - деді кейіпкеріміз.
Қызылордадағы көмір таратушы "Khass com" ЖШС-нің қойма меңгерушісі Рустам Хасанов көпті толғандырған мәселеге байланысты әлеуметтік желіде былай жауап берді:
"Жаңадан келген Шұбаркөл көмірін өткен жазда әкелінгенімен араластырып сатамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Екеуінің сапасы бірдей. "Таразыдан жейді" деген бос әңгіме. Өйткені электронды таразыдан олай істеу мүмкін емес".
Көмір құны өткен жылы 18 мың теңге болған. Оның 19 500 теңгеге көтерілуіне жол тарифінің, тауардың өзіндік құнының өсуі әсер еткен.
Назерке Саниязова
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!