- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көмір деген азап...
"Көмір деген азап қой, газды қанша жыл күттік". Жетпіске келген зейнеткердің әңгімесі
Астанада газ құбырын үйіне тегін тартқызған отбасылардың бірі – зейнеткер Рысгүл апаның шаңырағы. Жасы 70-ке таяған әже кенже ұл-келіні және 5 немересімен Көкталдағы екі қабатты ескі үйлердің бірінде тұрады. 60 шаршы метрден асатын пәтерді сегіз адам паналап отыр. Газ құбыры былтыр келгенмен, зейнеткер отбасының оны үйге тартқызып алуға миллион теңгеден аса қаражаты артылмаған. Қазақтың "үй таңдама, көрші таңда" деген жақсы сөзі бар. Бұл сөз Рысгүл апаның орыс көршісіне қарап айтылғандай. Себебі дәл сол көршісі жергілікті аудандық әкімдікке барып, Рысгүл апаның жағдайын баяндап, газ кіргізіп беруін өтінген. Сөйтіп әкімдіктегілер Рысгүл апаны Халық банкінің "100 игі іс" акциясына қосып, тегін газ тартқызатын отбасылардың қатарына тіркеген. Ал Рысгүл апа Өзбекстаннан елордаға қалай келгені, көршісінің қалай көмектескені және қалың қар қыста қорадан көмір тасуға қиналып, түніне 3-4 рет оянған күндері туралы Massaget.kz тілшісіне айтып берді.
Рысгүл апа әңгімесін айта бастағаннан "Мәдина, шай қой" деген "бұйрығын" да шығарды. Келіні бірден дастарқанын жайып, көк шайы мен сары майын, қолдың нанын, жазда жапқан долана мен қарақаттың тосабын қойып, шай дайындады. Сөйтіп ыстық шаймен зейнеткердің әңгімесін тыңдадық.
Рысгүл Елғанова 1955 жылы Өзбекстанда дүниеге келген. Сол жақтағы қазақтар жаппай Қазақстанға көше бастағанда ол да отбасымен Шымкентке қоныс аударған. Жолдасымен төрт ұл тәрбилеп өсірген. Өзге елде тұрмысы жақсы болғанымен, жалақысы, лауазымы жоғары жұмысқа тұра алмаған. Сондықтан отбасымен елге қоныс аударайық деп шешкен.
"Біз – Өзбекстанның тумасымыз. Ташкент қаласының ар жағындағы Джизак облысында тұрғанбыз. Ол жақта жақсы тұрдық. Тек балалар ер жетіп қалған. Дұрыс оқу жоқ, оқу бітірсе, дұрыс жұмыс жоқ. Содан біз – қазақтар көше бастадық", – деп еске алды Рысгүл апа тарихи Отанына оралған кездерін.
Алайда балалары жұмыс бабымен Шымкенттен елордаға көшкен соң, Рысгүл апа мен марқұм жолдасы солардың артынан Астанаға келген.
"Марқұл жолдасым екеуіміз сол төрт ұлдың қамымен өмір сүрдік. Үлкенім Астанаға 1999 жылы келген. Екінші балам артынша 2000 жылы келді. Сөйтіп бәрі кетіп қалған соң шалымыз екеуміз арттарынан келдік. Балалар "екеуіңіз отыра бересіздер ме, қасымызға келіңіздер" деген соң, біз де келдік. Қанша жыл квартирада жалдап тұрдық, күн суық. Басында көшіп келген жылдары Қояндыда (Астананың маңындағы елді мекен – ред.) тұрдық. Ол кездері қар қатты қалың жауатын. Үйді көміп тастайтын. Күндіз-түні от жағамыз, тоқтатпаймыз. Себебі пеш тоқтаса, бірден суып кетеді. Көмір деген азап қой. Қатты қиналдық", – деді зейнеткер.
Рысгүл апаның айтуынша, солтүстікте жазда да жер үй салқын болады. Онысы жер кеуіп үлгермейді, үйде сыз болып, дымқылданады. Содан олар амал жоқ жазда да көмір жағуға мәжбүр болған. Оның ақыса да аз емес.
"Шымкентте газ жағатынбыз. Оның үстіне күн жылы. От жағып көрмеген адамдар едік. Астанаға келіп бәрін көрдік. Бұл жақта неге газ жоқ деп таңғалатынбыз. Солтүстікте көмірді әдетте 9 ай жағасың ғой. Бірақ кей жылдары жазда да жағатын едік. Сол Қояндыда отырған жылдары шілдеде де жаққанбыз. Дымқыл болатын. Ақшасы да аз болмайтын. Жер үйде бір-ақ жерден жаққанның өзінде бір айда 3 тонна көмір жағатын едік. Кемінде 3 тонна. Ол кезде тоннасы 15 мың болатын, сонда айына 45 мың теңге көмірге кететін. Кейінгі жылдары көмір тағы қымбаттады. Тоңып қалмау үшін жағатын едік", – деп қосты апа.
Зейнеткер жер үйде көмір жағып, үй жылыту үшін бір адам үйде болуы керегін айтты. Себебі бұл көпқабатты үйлердегілей орталықтан келетін жылу емес, газдың құбырын бұрап қоя салатын жағдай емес, көмірді салу, оның күлін шығару, түндікті ашу және басқа ауыртпалығы толып жатыр.
"Түнімен күлін тазартасың, от жағасың. Солай түн ұйқысы төрт бөлінетін. Күндіз бір адам үйде отыруы керек. Бір адамды "байлайды". Әйтпесе, кешке келгенше суып кетеді. Сосын ол үйді жылыта алмайсың. Одан қалды омбы-омбы қар басып тастағанда көмір қораға жете алмай қалатынбыз. Қар шығару да бір жұмыс. Жер үйдің тірлігі бітпейді ғой. Қыста қарымен арпалысасың, көктемде батпағымен алысасың. Сөйтіп талай жылымыз өтті. Астананың қыстағы азабын жер үйде тұратындар түсінеді. Сондықтан көбі көпқабатты пәтер алғысы келеді. Бірақ ондай үйлер қаланың ішінде қымбат", – дейді ол.
Елордаға көшіп келгеннен кейін 5 жылдан соң Рысгүл апаның жолдасы ауырып қалады – 2012 жылы инсульт алады. Содан 9 жыл төсек тартып жатып, қайтыс болған. 2020 жылға дейін сол Қояндыда времянкада тұрад, кейін Көкталдағы екі қабатты ескі үйлердің бірінші қабатынан үш бөлмелі пәтер алады.
"Кейін осы үйді алдық. Бұған да тәуба еттік. Қалаға жақындадық. Осында тұрып жатқанымызға 3,5 жыл болды. Газ жоқ еді. Балаларымыздың бәрі ауырып, мұрындары бырқылдап, балабақшаға да бармай қалған. Енді үй жылып, рахаттанып қалдық", – деп зейнеткер бірден газдың қуанышына көшті.
Рысгүл апаның ауданына газ былтыр тартылған. Бірақ артық ақша болмай, зейнеткердің отбасы газды үйге кіргізе алмаған.
"Былтыр газды үйге кіргізіп, құрылғыларын қойып беру 850 мың теңге болды. Биыл миллион теңгеден асып кетті. Бір бөлмелі пәтерде тұратын көршіміз қондырып, сол бір миллионнан асқанын айтты. Не деген сұмдық. Бір бөлмелі үйге сонша кетеді, біздікі 60 шаршы метр, одан үлкен. Яғни, бізден одан да көп сұрайды", – деді ол газ қондыру бағасының қымбат болғанына шағымданып.
Бірақ Рысгүл апа бұл үйдегі көршілеріне риза. Себебі олардың газды тегін кіргізіп алуына Құдай қосқан көршісі себепкер болған.
"Біздің орыс көршіміз бар. Сол біздің жағдайымызды әкімдікке барып айтыпты. "Көпбалалы отбасы, үйінде зейнеткер әже бар. Соларға көмек керек" депті. Оның айтқанын біз білмейміз. Сөйтіп бір күні әкімдіктен бір бала келіп, сіздерге "тегін құрып береміз" деді. Қой, мүмкін емес, тегін болуы мүмкін емес деп сенбедік. Ондай ешқашан болмаған. "Жоқ, тегін" деп қайталады. Аузыңа май, айналайын деп қуанып қалдық. Содан қашан құратынын сұрадық. Араға 5-6 күн салып келді. Монтаждады. Соның өзінде екі ай өтіп кетті. Бірақ шүкір, күн суығанша газ кіргізіп берді. Енді рахаттанып газ жағып отырмыз. Пломбысы тұр. Бәрі тамаша. Қалаған уақытта шайымызды қойып, келінімізбен шай ішіп аламыз. Үйде нан пісіреміз", – деп бөлісті зейнеткер.
Рысгүл апа газдың төлемі де аз деп қуанып отыр. Себебі бұрынғы шығына 5 есе қысқарған.
"Газдың ай сайынғы төлемі де көп емес. Көршілерден сұрап едік. Қатты аяздарда айына 10 мың төледік деді. Былай күндері 7-8 мың төлепті. Керемет қой. Ақысынан бөлек көмірдің азабынан құтылғанымыздың өзі бір бақыт. Оны енді сөзбен жеткізе алмаймын. Қанша жыл денсаулығымызға да кері әсер етті. Ол енді бір бөлек әңгіме", – деді ол.
Қанша дегенмен солтүстіктің қаһарлы қысынан шаршаған отбасы үшін газ келіп, үйдің жылығаны – теңдесі жоқ бақыт. Сондықтан зейнеткер мұндай қуаныш сыйлаған Халық банкіне алғысын да айтты.
"Кеше құрылғыны қондырып, газ қосылатын кезде "бұл сіздерге Халық банкінің 100 жылдығына орай қондырылып жатыр. Осындай акция болды, сіздер сол тізімге кіріп, тегін орнатып берді" деп жігіттер айтты. Мұндай мүмкіндік екінің біріне бұйыра бермейді. Бір жыл бойы үйдің түбінде тұрған газды кіргізе алмай отырған біз үшін нұр үстіне нұр болды. Тіпті алғыс айту үшін қандай сөз айтарымды да білмеймін. Себебі шынымен газға мұқтаж болдық және сол бір кеміміздің орны толды. Бек қуаныштымыз", – деді ол.
Мәдинаның қолында Halyk Bank-нің жылы лебізі.
Бүгінде Рысгүл апа бейнетінің зейнетін көріп, кенже ұлының қолында тұрады. Өзі де, жолдасы да медицина саласының мамандары болған. Қазір немерелерін сабаққа, балабақшаға апарып, аулада көршілерімен әңгімелесіп, ағайын-туыстың той-томалағынан қалмайды.
"Өзім Алматыда медициналық институттың фармацевтика бөлімін тәмамдағанмын. Шымкентте дәріханада істедім. Астанаға келіп те, карантинге дейін аптекада фармацевт болдым. Жолдасым ветеринар дәрігер еді. Өзім зейнетке шықсам да сегіз жылдай еңбек еттім. Үш жылдан бері жұмысты қойып, балаларымның балаларына қарайласып отырмын. Міне, өзің көріп отырған бес немере – осы кенже ұлымның тәтті қыздары. Бес қызы бар. Солардың қызығына тоймай жүрмін. Мектепке апару, балабақшаға апару, оларды әкелу – солай күніміз өтіп жатыр. Кішкентай немерем әлі 2-ге толмады, сондықтан келін әзірге декретте. Жалғыз өзіме бес балаға қарау оңай емес. Жасымызда жетпіске жетіп қалды. Немерелерім – Аделина, Руфина, Жасмина, Ұлдана, Томирис деген бес тәтті қыздарым бар. Бәрі сабақты жақсы оқиды. Үлкен ұлдарымның балалары апа дейді, бұл қыздарым мені "әже" дейді", – деп марқайды зейнеткер.
Біз де Мәдина келіннің ыстық шайына риза болып, алғысымызды айтып, Рысгүл ападан жастарға кеңес пен тілек сұрадық.
"Балдарға айтатыным шыншыл, әділ болсын деймін. Елімізді қорғайтын, елді ардақтайтын азаматтар өссін. Тәуелсіздіктің 30 жылында аяғымыздан тұрып келеміз, енді келешек осы балапандардың қолында. Солардың болашағы жарқын болуы үшін ұл-қызымыз білімге құштар, еңбекке жақын болса деймін. Ал, алдағы уақытта өзіміз де үйімізді үлкейткіміз келеді. 63 шаршы метр үйімізді үлкейтіп, қыздарға өз бөлмесі болғанын қалаймыз. Осы үйге жетіп, газ кіргізіп алғанымызға да шүкір. Еліміз, заманымыз тыныш болып, соғыс болмасын. Сонда бәрі жақсы болады. Біздің қиын күндеріміз артта қалды. Енді немерелеріміз жарқын өмір сүрсін деп тілейміз", – деп тіледі Рысгүл апа.
Серіктестік материал
Dinara