"Көмір бітіп қалмаса екен дейтін едік". Газды 35 жыл күткен отбасының әңгімесі

"Көмір бітіп қалмаса екен дейтін едік". Газды 35 жыл күткен отбасының әңгімесі
Фото: Әлихан Сариев

"Бір шелек көмір салайын, үй суып бара жатыр", "қысқа алған көміріміз соңына дейін жетсе жақсы болар еді"... Үйін көмірмен жылытып, ала жаздай соның қамын ойлайтын отбасылар бұл уайымды жақсы түсінетін шығар. Бірақ бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде газ тартып, көмір мұқтаждығынан құтылған отбасылар саны артып жатыр.

Қожбановтар отбасы өмір бойы үйінде көмір жағып келген. Күн суымай тонналап көмір әкеліп қою - бір проблема, оны күн сайын шелектеп үйге тасу - тағы бір проблема. Екі жылдан бері Серікбек Қожбановтың отбасы бұл проблеманы ұмытқан. Себебі үйге тегін газ кіргізіп алды. Серікбек аға жары Жанат Нүсіпжановамен бірге Massaget.kz тілшісіне қыста көмір қолданудың машақаттары жайында айтып берді.

Серікбек Қожбанов жары Жанат Нүсіпжановамен бірге бұл үйге 1986 жылы көшіп келген. Сол кезден бергі ең үлкен проблема - газ жоқтығы. Сондықтан бұл маңайдағы үйлердің бәрі бұрыннан көмір жаққан. Қыс жақындағанда әр отбасы тонналап көмір түсіріп, үйін солай жылытады.

"Қыста қиналып қалмау үшін күйеуім ала жаздай отын дайындайды. Отынның өзін алып келу де ақша - барып, әкеліп, оны кестіріп, сарайға жинату керек. Одан кейін бір қысқа 5 тоннадай көмір аламыз. Бұл көмірді әкелу де оңай емес. Жігіттерге тасытады, бәріне ақша төлейді. Ешкім тегін тасып бермейді ғой", - дейді Жанат апай.


Бұл - осы уақытқа дейін үйді жылуда ұстап келген пеш. 

Көмір жағу қалтаны қағатынынан басқа уақытты да көп алады. Себебі күнде шелектеп көмір тасып, үйді жылытасың.

"Күн жылы болса таңда тұрып бір шелек, кешке бір шелек тастаймыз. Қатты суық болған кездері күніне 5 шелектен жағып отырдық. Себебі кейде көмірдің сапасы нашар болып қалады. Кейде түнде ұйқыдан оянып кетесің, үй салқын болып тұрады. Сондықтан түннің ішінде сарайға барып, көмір әкелген кездеріміз де болған", - деп еске алады отбасы.

Жұмыстан келген соң да демалуға болмайды, бірінші шаруа - көмір тасу.

"Көмір тасып жүру, орнын тазалау күнделікті уақытыңды алады. Жұмыстан жүгіріп келе салып, бірінші кезекте от жағамыз. Үй жылынған соң басқа жұмыстарымызды істей беретінбіз", - дейді Жанат апай.

Бір қыстан аман өту үшін отбасы кем дегенде 100 мың теңге төлейтін. Бұрындары көмір арзан болғанымен, 2000-жылдардан кейін ол да күрт қымбаттай бастапты.

"Көмірдің тоннасы кейінгі кезде 25 мың теңге болып кетті. Біз жазда арзан кезінде 12-15 мыңға алып қоямыз. Бұрын арзан еді, бағасы жағынан мүлдем қиналмайтынбыз. Кейін қымбаттай берді ғой. Соңғы рет 2021 жылдың қысында көмірмен шықтық. 80 мың теңге көмірге, 10 мың теңге түсіріп әкеліп бергендерге, 5-6 мың теңгені сарайға жинап берген балаларға төледік. 100 мыңдай шықты ғой сонда", - дейді Жанат апай.

5 тонна көмір қыс бойы шағын бірнеше бөлмені жылытуға жеткілікті. Ал ол ерте бітіп қалса, қап-қап қылып сатып алып жүруге мәжбүр болады. Отбасы ондай кездер де болғанын айтады.

Қожбановтардың үш ұлы бар. Екеуі үйленіп, бөлек шыққан. Нүсіпжанова перзентханада күтуші болып жұмыс істейді. Серікбек Қожбанов бұрын механик болған, соңғы жылдары такси қызметінде жүрді. Ал қазір 2-топтағы мүгедек.

"Балаларымыз бөлек тұрады. Екі ұлым үйлі-баранды болып, немере сыйлап отыр. Қазір кенжеміз бізбен бірге тұрады. Ұлдарымыз, әрине, көмектеседі. Бірақ олардың да өз отбасы, балалары бар - сондықтан оларға ауыртпалық салғымыз келмейді. Күйеуім 2014 жылы қысымы көтеріліп, инсульт алған. Ал былтыр инфаркт болды. Қазір денсаулығына байланысты үйде", - дейді отбасы анасы.

Жанат Нүсіпжанованың сөзінше, көмір адам денсаулығына да зиян, сондықтан бұрын үйде кішкентай балалар бар кезде қатты уайымдайды екен.

"Баламен қиын. Мысалы, үйге 5 тонна көмір түсіреміз. Сол 5 тонна көмірді жағып, 5 тонна күлді шығарасың. Ол денсаулыққа әсер ететіні анық. Одан қалды, иіс газы да қауіпті. Бір жаққа кетіп қалсаң, үйде бәрі жақсы ма екен деп уайымдап отырасың. Құдайға шүкір, біздің үйімізде ондай апат болмады. Тек күн қатты аяз болған кездері багымыз қатып қалып, оны балаларым жібітіп отырғаны бар, сондай қиын кезеңдер есте қалыпты", - дейді ол.

Бұл - бұрын көмір сақталған сарай. Үйден 50 метр жерде. 5 тонна көмір осы сарайдың жартысын алып кететін. Осылай шелектеп алып, қақаған қыста көмірді үйге тасиды.   

Үйге газ келіп тұрмаған соң, тамақ пісіру де үлкен проблема еді. Себебі отбасы газ баллонын сатып алатын. Ет асып жатса, газ бітіп қалмаса екен деп алаңдап отырады екен.

"Тамақты газға дайындаймыз. Бұрын артына газ баллонын қосып қоятынбыз. Бір баллонның құны - 2 500 теңге. Ол бір айға жетпейді. Айына екеуін аласың, сонда газ баллонының өзіне 5 мың теңге беріп отырамыз. Оның өзіне тек тамақ істейміз. Жазда тосап қайнатайын десең, жетпей қалады. Кейде газды үнемдеу үшін тамақты пештің үстіне дайындайтынмын", - дейді Жанат апай.

Бұл проблеманың бәрі 2021 жылы сәуірде жойылды. Себебі отбасы үйіне газ кіргізіп алды. Тегін. 2020 жылы желтоқсанның соңына қарай отбасы Жаңа жылға дайындалып жатып көршісінен Шұғыла мөлтекауданында жеңілдікпен газ қондырылып жатқанын естіген. Отбасы қуанышты жаңалықты ести сала, әкімдікке барса, арыз қабылдау аяқталайын деп жатыр екен. Олар арыз жазып, өтінім қалдырған ең соңғы үй ретінде тіркелген. Бұл үшін отбасыдан Жерге мемлекеттік акт, техникалық паспорт, Серікбек Қожбановтың мүгедектік анықтамасы және арыз ғана сұралыпты. 

"Сіздер тегін аласыздар, аға мүгедек ретінде тіркеліп тұр. Уайымдамаңыздар. Сәуірге дейін жағатын көміріңіз бар ма?" деп шығарып салды әкімдік қызметкерлері. Біз қуанып күтіп жүрдік. Наурызда жігіттер келіп, бәрін өлшеп-тексеріп кетті. Газ құбырын әкеліп, екі күннің ішінде бәрін бітірді. Газды қосып, қалай сөндіру керегін, газ иісі шықса не істеу керегін көрсетіп, бәрін жасап беріп кетті", - дейді Жанат апай.

Осылайша, 2021 жылы сәуірде үйге газ тартылды. Бұл баспанаға көшіп келгелі 35 жыл бойы көмір тасыған отбасының қуанышында шек болмады.

"Басында олар құбырды тартып береді, ал пешті өзім 200 мың теңгеге сатып алатын шығармын деп ойладым. Қазір пеш те арзан емес қой. Жігіттер бәрі тегін деген кезде қуанғаным-ай. Өте жақсы жеңілдік болды. Отын-көмір жағудан құтылдық деп қуандық. Бұрын көмір жағып жүргенде қолымыз жарылып кететін еді. Қазір ондай жоқ. 60 жасқа келіп, қартайғанымызда жақсы болды", - дейді Жанат апай.

Қазір үйдің бір бұрышында осындай шағын пеш тұр. "Әп-әдемі, кішкентай, италиялық өнім" деп мақтанады Жанат апай.

"Қазір рақат, бір жаққа кеткенде уайымдамаймыз. Пешіміз өшіп қалмады ма, қатып қалмады ма деп уайымдайтын едік. Бұрын ауылға не басқа да алыс жерге кетсек, пешті сөндіріп тастайтынбыз. От болмаған соң үйге келген кезде сап-салқын болып тұратын. Қазір қосып қойып шыға береміз", - дейді ол.

Бұрын екі сағат тамақ пісірсе, газ баллоны бітіп қалмас па екен деп уайымдайтын Жанат апай қазір газдың қызығын көріп жүрмін дейді. Жазда қалағанынша тосап қайнатады, салат жабады, баллонда қанша газ қалды екен деп саспайды.

"Тамақ пісіргенде де газ баллоны бітіп қалмады ма деп ойланып отырмайсың. Бұрын бір салат пісіріп алайын десең, ол 2 сағат қайнайды, газ тез бітіп қалатын еді. Қазір қонақ келгенде, бауырсақ пісіргенде, ет салғанда рақаттанып пісіремін. Газ баллонын аламын деп, оған ақша шығарамын деп қиналмаймын", - дейді ол.

Пеш пен газ плитасының үстіне арнайы құрылғы қойылған. Үйде сәл газ иісі шықса, бірден дабыл қағады.

"Бәрін үнемдейтін едік. Қазір үнемдеудің қажеті жоқ. Қыста айына 4 мың теңгедей төлейміз, жазда 300-400 теңге шығады. Маңыздысы - көмір түсірмейміз", - деп ағынан жарылды Жанат апай.

Енді ол газ барлық үйге жеткенін тілеп отыр. "Бір көршіміз бар - көпбалалы ана, үлкені үйленген, бәрі сол бір үйде тұрады. Әлі күнге дейін көмір жағады. Көршіміздің бәрі дерлік газ тартып алды, бір-екі үй ғана қалып тұр. Көбі өз ақшасына тартты. Балалы үйде көмір тасып, пеш жағу өте қиын. Әсіресе көпбалалы отбасыларға қиын. Олар көмір ала ма, бала-шағасына тамақ, киім ала ма - бәрін жеткізу керек. Сондықтан әр үйге тезірек газ кіргенін тілейміз", - дейді отбасы.

Сонымен қатар, отбасы тегін газ тартуға демеуші болған Halyk Bank-қа алғысын білдірді.

"Шынымды айтсам, бұрын бәрі тегін болады дегенге сенбеуші едім. Бірақ Halyk Bank демеуші болғанын естігенімде, оларға қалай алғыс айтарымды білмедім. Сіздерді пайдаланып, рақметімді білдіргім келеді. Көптеген отбасының өміріне көмектесті", - дейді Жанат апай.

Отбасы осымен екінші жыл қыстан уайымсыз шықты. Бұрынғыдай жаз бойы көмірге ақша жинамайды, отын түсірмейді, қыста күн сайын шелек тасып жүрмейді.

Газдандыру жобасы Halyk-тың 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясы аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылы банк қаражаты есебінен Алматы мен Астанадағы аз қамтылған отбасылардың 230-ға жуық тұрғын үйлерін толықтай газға қосу, қаржыландыру жоспарлануда. Бұған дейін Halyk Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырған, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен кредит берудің жеке бағдарламасын іске қосқан болатын.

Серіктестік материал

Dinara