Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған қаражатты аса ірі мөлшерде талан-таражға салған (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) және бірнеше рет алаяқтық жасады (ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 1, 4) тармақтары) деп айыпталған Б-ға қатысты істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Б. 2020 жылғы 1 қазан мен 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығында Ф. компьютерлік клубтар желісінің басқарушысы бола отырып, электрондық банк жүйесі арқылы ЖК қаржысына рұқсаты бола тұра, өзіне жақын адамдардың банктік шоттарына жалпы сомасы 146,9 млн теңгені аударған.
Иесіне күдік туғызбау үшін ол ұрланған қаражаттың 25,1 млн теңге мөлшерін компьютерлік клубтың коммуналдық қызметтеріне ақы ретінде төлеп, қалған 121,8 млн теңге сомасын өз қалауы бойынша пайдаланған.
Сонымен қатар Б. жұмыс берушісі Ш-ның сеніміне кіріп, иесінің оған компьютерлік клубтар жұмыс істейтін коммерциялық үй-жайларды жалға алу үшін ай сайынғы жалдау ақысын аудару міндеттерін жүктегенін біле отырып, ол ақшаларды аудармауға шешім қабылдаған. Осылайша, ол Ш-ға 8,9 млн теңге көлемінде зиян келтірген.
Сондай-ақ Б. интернет-клуб қызметкерлерінен коммуналдық қызметтерді төлеу, компьютерлерді жөндеу және басқа да шығындар сияқты клубтың қажеттіліктері үшін алаяқтық жолмен ақша алған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.
Прокурор басқарушы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамай, оны айыптаудың дәлелденбеуіне байланысты ақтауды сұрады.
Санкция:
ҚК 189-бабы 4-бөлігі мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді;
ҚК 190-бабы 3-бөлігі мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 6 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не айыруды көздейді.
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кәмелетке толмаған баланың болуын, залалды ішінара өтеуін және соттылығының болмауын таныды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен Б. ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 190-бабы 3-бөлігінің 1, 4-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстар жиынтығы бойынша 5 жыл мерзімге қаржылық қызметке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Азаматтық талап қою қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!