Астана тұрғыны Диляра Тәжімбетова өзін "алаяқтық жолмен" алдап, пәтерімді тартып алды деген актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың үстінен жала жабу фактісі бойынша полицияға арыз жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Менің мәлімдеме жасауыма актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың тарапынан жасалған қысым, айыптаулар және шабуылдар себеп болды. Ол өзінің миллиондаған жазылушылары бар аудиториясын пайдаланып, менің ар-намысым мен іскерлік беделіме нұқсан келтіретін жалған мәліметтер таратты. Мен Нұра аудандық полиция басқармасына арыз түсірдім. Биылғы 15 қазанда менің арызым тіркелді, қазір іс бойынша психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта процессуалдық шешімнің қабылдануын күтіп отырмын", - деді Тәжімбетова.
Ол Әбдікәрімовамен болған сотта өзінің кінәсіз екенін дәлелдеп шыққанын алға тартты.
"Жұлдызбен біз соттасқанбыз және сот барысында мен кінәсіз екенімді дәлелдедім. Біз бұл істі Жоғарғы сотқа дейін жеткіздік, онда да біздің ұстанымымыз расталды. Мен журналистер мен қоғамды толық мәліметтермен және құжаттармен таныстыруға дайынмын", - деп ағынан жарылған ол.
Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын актриса Жұлдыз Әбдікәрімова Астанада БАҚ өкілдеріне баспасөз отырысын ұйымдастырған еді. Онда көпбалалы ана құрылыс компаниясына алданып қалғанын айтып, құқық қорғау ұйымдарынан тергеуді әділ жүргізуді сұраған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!