- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Коммуналдық қызмет тарифі...
Коммуналдық қызмет тарифі өскені үшін кімдерге өтемақы беріледі?
Алматы әкімдігі коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуіне байланысты өтемақы кімдерге төленетінін және оны қалай алуға болатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы мәслихаты коммуналдық қызметтерге тарифтердің көтерілуіне байланысты әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекітті және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін өтемақы мөлшерін белгіледі.
Қазіргі уақытта қалада халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын 315 430 азамат тұрады. Оның ішінде:
- жасы бойынша: 237 740 зейнеткер
- 35 562 көпбалалы ана және көпбалалы отбасы
- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 28 433 адам
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 8 591 отбасы
- мемлекеттік мекемелерді орындау кезінде қаза тапқан адамдардың 534 отбасы
- ҰОС 54 ардагері, басқа мемлекеттер аумағындағы 2 987 жауынгерлік іс-қимыл ардагері, сонымен қатар, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 1 538 адам.
Коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақы халықтың әлеуметтік осал топтары өтініші бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін ай сайын 0,5 АЕК (1725 теңге) мөлшерінде төленеді. Бұл сома сумен жабдықтау, су бұру, газ, жылыту және тағы басқасын қосқанда, 12 қызмет бойынша тарифтердің өсуін жабады.
Халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын тұлғаларға өтемақы ресімдеу үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне немесе әлеуметтік қызметтер үйіне өтінішпен жүгіну қажет.
Мүгедектігі бар адамдар "Е-gov" электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады.
Өтініштер қаралып, оң шешім қабылданғаннан кейін төлемдер өтініш берушілердің екінші деңгейдегі банктердегі шотына түседі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина