Коммуналдық қызмет өкілдерінің атын жамылатын болған: алаяқтықтың тағы бір түрі шықты

Ішкі істер министрлігі жұртшылықты коммуналдық қызмет атын жамылған алаяқтардан сақ болуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, кейінгі уақытта алаяқтар өздерін жылу қызметінің мамандары ретінде таныстырып, тұрғындарға қоңырау шалып жүр.

"Олардың мақсаты - жеке мәліметіңізге немесе банк шотыңызға қол жеткізу. Алаяқтар әдетте жылу есептегішті тіркеу керек; өтініш қалдырғансыз; құжаттарыңызды жаңарту қажет; берешегіңіз бар немесе жеңілдік рәсімдейміз деген сияқты сылтаулар айтады. Кейін олар телефонға келген SMS кодты сұрайды. Бұл кодты ешкімге айтуға болмайды", - деді ІІМ өкілдері.

Алаяқтар SMS код арқылы:

  • банк қосымшасына кіруі;
  • мемлекеттік сервистердегі аккаунттарға қол жеткізуі;
  • сіздің атыңыздан заңсыз әрекеттер жасауы мүмкін.

Өзіңізді қорғау үшін:

  • телефон соққан адам кім екенін тексеріңіз;
  • SMS кодты, банк картасының дерегін, CVV кодты және жеке мәліметті ешкімге бермеңіз;
  • күмәнді жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз;
  • бейтаныс адамдардың нұсқауымен ешқандай қосымшаны жүктемеңіз және сілтемелерді ашпаңыз.

Полиция коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындардан телефон арқылы SMS код сұрамайтынын еске салды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!