Ішкі істер министрлігі жұртшылықты коммуналдық қызмет атын жамылған алаяқтардан сақ болуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, кейінгі уақытта алаяқтар өздерін жылу қызметінің мамандары ретінде таныстырып, тұрғындарға қоңырау шалып жүр.
"Олардың мақсаты - жеке мәліметіңізге немесе банк шотыңызға қол жеткізу. Алаяқтар әдетте жылу есептегішті тіркеу керек; өтініш қалдырғансыз; құжаттарыңызды жаңарту қажет; берешегіңіз бар немесе жеңілдік рәсімдейміз деген сияқты сылтаулар айтады. Кейін олар телефонға келген SMS кодты сұрайды. Бұл кодты ешкімге айтуға болмайды", - деді ІІМ өкілдері.
Алаяқтар SMS код арқылы:
- банк қосымшасына кіруі;
- мемлекеттік сервистердегі аккаунттарға қол жеткізуі;
- сіздің атыңыздан заңсыз әрекеттер жасауы мүмкін.
Өзіңізді қорғау үшін:
- телефон соққан адам кім екенін тексеріңіз;
- SMS кодты, банк картасының дерегін, CVV кодты және жеке мәліметті ешкімге бермеңіз;
- күмәнді жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз;
- бейтаныс адамдардың нұсқауымен ешқандай қосымшаны жүктемеңіз және сілтемелерді ашпаңыз.
Полиция коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындардан телефон арқылы SMS код сұрамайтынын еске салды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова