Коммуналдық қарыз үшін алматылықтардың жалақысы қысқарып, шоттары бұғатталып жатыр

Коммуналдық қарыз үшін алматылықтардың жалақысы қысқарып, шоттары бұғатталып жатыр
Фото: "Алматы жылу жүйесі" ЖШС

"Алматы жылу жүйесі" ЖШС жылу энергиясы үшін миллиардтаған қарызды төлемеген тұрғындардан сот арқылы ақшаны өндіріп алуды бастады. Тұрғындар 2 млрд теңгеден аса қарыз болып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мұның салдарынан мүлікке және банк шоттарына, шетелге шығуға тыйым салынады. Сонымен қатар, қарызды толық өтемейінше ыстық су беру тоқтатылады.

"Қарыз туралы бірнеше рет ескерту алғанына қарамастан, тұтынушылардың бір бөлігі коммуналдық қызметті жеткізушінің заңды талаптарын елемей отыр. Биыл жыл басынан бері Алматыда жылу энергиясын төлемеген 600-ден аса абонентке ыстық су беру шектелген. Сонымен қатар, заңды тұлғаларға сотқа дейінгі 3345 арыз жіберілді", - деп жазылған хабарламада.

Жылумен және ыстық сумен жабдықтау үшін қарызы бар 5184 тұрғыннан қарызды өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізілген. Ол үшін сотқа талап-арыз берілген, сондай-ақ, нотариустарға атқарушылық жазбалар жасау үшін арыздар жіберілген.

Коммуналдық қызметті төлемеген 1 754 борышкерге шектеу шаралары қабылданды:

  • 926 борышкердің мүлкіне тыйым салынды (жылжитын және жылжымайтын);
  • 822 банк шоты бұғатталды;
  • 254 борышкерге Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға тыйым салынды;
  • 144 азаматтың жалақысы мен өзге де табысынан берешек ұсталды.

"Алматы жылу жүйесі" ЖШС қала тұрғындарын жауапкершілік танытуға, қарызды жинамай, уақытылы төлеуге шақырды", - деп жазылған хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget